Ғалым - ұлттың шамшырағы. Президент Жарлығымен бір топ ғалым мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бір топ жас ғалымға баспана кілті табысталды.
Ғылым күні қарсаңында Президент ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Ғылымның әр саласында еңбек етіп, елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ғылым жолы - күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында "Ғылым таппай мақтанба" деп өсиет қалдырды.
Жиында 4 ғалым "Парасат", 15 адам "Құрмет" орденіне ие болды. Одан бөлек 6 маманға "Ерен еңбегі үшін" медалі берілсе, тағы 2 ғалымға "Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері" атағы тұңғыш рет тапсырылды. Сондай-ақ баспана кілтін алғандар бар.
БАУЫРЖАН БАЗАРБАЙ, SATBAYEV UNIVERSITY ОҚЫТУШЫСЫ, PHD ДОКТОР:
Үкіметтен баспана алу біз үшін өте үлкен қуаныш. Қазіргі таңда ғылым жолын таңдаған жастар үшін мұндай мүмкіндік әлемнің көп елінде жоқ. Біздің мемлекетіміз осындай жақсы жолды қолдап, жастарға мотивация беріп, ғылымды дамытуға үлкен үлес қосып отырды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғылымға баса мән берілмеді, салдарынан елдегі ғалым саны 3 есе азайып, ұлттың зияткерлік әлеуетіне үлкен кесір тиді. Тіпті салада жемқорлық фактілері көбейіп кетті. Мемлекет басшысы бұл ахуал бүгінде оңалып келе жатқанын айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекет ғылымды дамыту үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Мен осыдан үш жыл бұрын Ғылым академиясын жаңғырту туралы тапсырма бердім. Содан бері ауқымды жұмыс жасалуда. Академияға жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді. Инфрақұрылым жүйесі жаңартылып жатыр. Кадр даярлау ісі жолға қойылды.
Елімізде 25 мыңнан астам ғалым бар, оның жартысы жаңа буын, яғни 40 жасқа толмағандар. Соңғы жылдары ғылыми бағытқа бөлінетін қаржы 3,5 есе артып, жас зерттеушілерге қолдау күшейді. Президент "жас мамандарды даярлайтын оқу орындары білім мен ғылымды қатар алып жүру керек" деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстанда зерттеу университеті деген мәртебеге лайық 10 оқу ордасы бар. Ғылымды дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Осы жұмысты күшейтуіміз керек. Сондай-ақ ғылым елге нақты пайдасын тигізуге тиіс. Қолданбалы зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдардың кірісі соңғы бес жылда 40 миллиард теңгеден асты. Қазынаға 10 миллиард теңгеден астам салық түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек.
Ғылым саласына 14,5 миллиард теңге жеке инвестиция тартылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Дүниежүзі дағдарыстың табалдырығында тұрған дүрбелең шақта ғылымы дамыған ел ғана кез келген сын-қатерге төтеп бере алады. Ал Қазақстан билігі бұл бағытты жан-жақты қолдай береді деді Президент.