$523.2 €594.3 ₽6.38
×

Алматыда 45 жастағы әйелді көшеде "құдасы" ұрып кетті

AstanaTV
10.04.2025ж. 22:33
235
Алматыда 45 жастағы әйелді көшеде "құдасы" ұрып кетті

Алматыда 45 жастағы Галина Борзоваға белгісіз ер адам көшеде шабуыл жасап, соққының астына алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салдарынан жәбірленушінің басы жарылып, қолы сынғаны белгілі болды. Бұл оқиға мегаполистің Түрксіб ауданында тіркелді. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, жәбірленуші істің жеңіл баппен тергеліп жатқанына наразы. 

Оқиға сәуір айының басында, жәбірленуші жұмысынан үйіне қайтып келе жатқан сәтте орын алған. Галина Борзованың сөзінше, артынан аңдыған белгісіз ер адам бір сәтте оның басынан дубинкамен ұрып, артынан бірнеше рет соққы жасаған. Жақын маңдағы көлік жөндеу орталығының жұмысшылары араша түсіп, күдіктіні ұстаған.

Жұмыстан алаңсыз келе жатқан едім. Артымнан біреу келе жатқанын байқадым. Кенеттен темір дубинкамен басымнан ұрып, ұра бастады. Есімді жисам, мені ұрған азаматты жанымдағы жігіттер ұстап алған екен. Қарасам – бұрыннан танитын адам. Төрт жылдан бері ара-қатынасымыз жоқ еді. Ешқандай кикілжің болған емес, – дейді ол.

Борзованың сөзінше, оған шабуыл жасаған адам құдағиының азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі болып шыққан. Бұған дейін екеуінің арасында ешқандай дау туындамаған екен. 

Түрксіб аудандық полиция басқармасы бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 1-бөлігі – «Адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша іс қозғаған. Алайда жәбірленуші бұл шешімге келіспей, істің «қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» бабымен қайта қаралуын талап етіп отыр.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Галина Борзова бұл оқиғаның әділ тергеліп, күдікті қатаң жазаға тартылатынына үміттеніп отыр.