$509.51 €570.6 ₽6.3
×

Көпқабатты тұрғын үй ауласына шлагбаум орнату қаншалықты заңды?

AstanaTV
11.04.2025ж. 20:00
193
Көпқабатты тұрғын үй ауласына шлагбаум орнату қаншалықты заңды?

«Ауламыз көлік тұрағына айналды!». Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған астаналықтар үреймен таңын атырып, түнін батырып жүр. Жұрт көпқабатты үйлердің аулаларында қауіпсіздік шаралары сақталмаған деп шағымданды. Мәселені шешу жолы қандай? Мөлдір Жақан тарқатады.

Ойын баласына өз үйінің ауласы да қауіпті болып тұр. Тұрғындар перзенттерін бір сәтке де назарсыз қалдыруға қорқады. Әрі-бері ағылған көліктер жылдамдықты баспай, жүйткіп өтеді. Бақытжан Мұсаев қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде 12 жылдан бері тұрады. "Осы уақыт ішінде аулада не жол белгісін, не жасанды жол кедергілерін көргеміз жоқ" дейді.

БАҚЫТЖАН МҰСАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Баламен далаға шығамын, мына жақта отырамын ғой. Байқамай мына жаққа шығып кетеді ғой, машиналар былай да былай өтеді. Лежачий полицейский жоқ. Тәртіпті де білмейді көбісі. Шынын айтсақ, қорқамыз. Дворовой участок емес, айналаның бәрі көлік, стоянкілер. Қиын мына балаларға.  

Тіпті, кей ақылсымақтар кептелісті айналып өту үшін тұрғын үй аулаларын пайдаланатын көрінеді.

БЛИЦ:

- Машиналар резко келе салады. Ол бала ғой, түсінбей қалады. Алаңдайсың. Қасыңда бірге жүрмесең болмайды.
- Негізінен ауланың жабық болғаны дұрыс.


МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Амалы құрыған тұрғындар көпқабатты үйлердің ауласына шлагбаум орнатуды әдетке айналдырған. Бағасы 300 мың теңгеден асып жығылады. Арзан емес, әрине. Алайда қауіпсіздік үшін ақша шығаруға тура келеді. Дегенмен, шлагбаумдар арнайы қызмет көліктерінің өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс. Сондықтан оны орнату барысында техникалық ережелерді ескерген жөн.


Талаптарға сәйкес, шлагбаум тәулік бойы жұмыс істеп тұру қажет. Кіреберіс автоматты түрде ашылуы тиіс немесе тұрақты кезекші қажет. Техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді тұрғындар өз қалтасынан төлейді. Ал шлагбаум орнату туралы шешім қабылдау үшін пәтер иелерінің кем дегенде 51 пайызы келісуі керек.

ТАТЬЯНА МЕДЫНСКАЯ, МҮЛІК ИЕЛЕРІНІҢ БІРЛЕСТІГІ ТӨРАҒАСЫ:
 

Балалардың емін-еркін серуендеуі үшін тұрғындар тарапынан шлагбаум орнату туралы ұсыныс түсті. Алғашқыда пульт арқылы жұмыс істейтін. Ол кезде арнайы қызмет көліктерінің өтуі қиын болатын. Ал қазір мобильді қосымша арқылы ашылып, жабылады. Бұл қосымшамен үй тұрғындары ғана емес, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметтері де кедергісіз кіре алады.


Ауладағы жолдардың орташа ені - 7 метр. Оның оң және сол жағына көлік қойылған жағдайда, ортасынан тағы екі жеңіл көлік кедергісіз өте алуы тиіс. Сондай-ақ ауладағы тротуарлар мен жаяу жүргіншілер өтетін жолға көлік қоюға болмайды. 5,38 және 3,24 жол белгілері орнатылады.

БАУЫРЖАН БӘКІР, ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЖОЛ ЖӘНЕ ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Қазіргі уақытта біз аулаларға тексеріс жүргізіп жатырмыз. Әр аулаға ОСИ, КСК-ның өздері келіп, бізге заявление жазса, біз өз тарапымыздан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдың жасанды кедір-бұдырлығын орнатуға рұқсат береміз.


Қазір қаладағы тұрғын үйлер жарықтың жылдамдығымен бой көтеріп жатыр. Оның әрқайсында жерасты көлік тұрағы қарастырылмаған. Мамандардың айтуынша, әр құрылыс компаниясы әу бастан тұрғын үй ауласын қауіпсіз етіп жоспарлауы тиіс. Алайда оны ескеретіндер кемде-кем.