Қытай АҚШ-ты өзара баж салығын енгізуден бас тартуға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚХР Сауда министрлігі АҚШ-ты кейбір тауарларға, соның ішінде смартфондар мен компьютерлерге өзара баж салығын алып тастауға шақырды.
"Бұл АҚШ-тың біржақты енгізілген "өзара баж салығын" түзетуге қарай жасаған шағын ғана қадам деуге болады", - делінген министрлік сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Министрлік атап өткендей, "мұндай өзара тарифтерді бір ғана әкімшілік жарлық арқылы енгізу негізгі экономикалық және нарықтық заңдылықтарға қайшы". Сонымен қатар, "бұл елдер арасындағы өзара ынтымақтастық және ұсыныс пен сұраныс арасындағы қатынасты елемеу болып саналады".
"Бұл өзара тарифтер АҚШ-тағы ішкі мәселелердің ешқайсысын шеше алмады, керісінше халықаралық сауда-экономикалық тәртіпті айтарлықтай әлсіретті, кәсіпорындардың қалыпты өндірістік қызметіне және халықтың күнделікті тұтынуына кері әсер етті. Басқаларға зиян келтіріп, өздеріне де пайда әкелмеді", - делінген ҚХР Сауда министрлігінің мәлімдемесінде.
Бейжің Вашингтонды "халықаралық қауымдастық пен ел ішіндегі түрлі күштердің ақылға қонымды үндеріне құлақ асуға, өз қателіктерін түзетуге бағытталған батыл қадам жасауға" шақырып отыр. Олар өзара тарифтер енгізу тәжірибесінен толық бас тартуға және келіспеушіліктерді шешу үшін тең құқықты диалог жолына қайта оралу қажет деп санайды.