«Мүмкіндігі шектеулі жанның мүмкіндігі шектелді». Осылай деген адвокат үшінші топтағы мүгедектігі бар адамның дәлелсіз, негізсіз қамауға алынғанына наразы. Сот күдік таққан Қайрат Мұратұлы 2013 жылы белгілі бір мекемеге заңгер ретінде жұмысқа орналасқан. Бастапқыда көрсеткен қызметтің 10 процентін айлық есебінде аламын деп келісімге отырады. Бірақ іске келгенде қолына бір тиын да тимеген, 6 жыл бойы тегін қызмет көрсетті дейді адвокаты. Еңбекақысы өтелмегеннен кейін нотариусқа шағым түсіреді. Оны білген басшылары ақшаның орнына 10 млрд теңгелік жер телімін беруге көндірген.
ОЛЖАС ҚАЙРАТҰЛЫ, АДВОКАТ:
Ол заңды құрметтейтін азамат. Өзінің отбасы бар. 30 жылдан бері заң саласында қызмет етеді. Талай адамға қол ұшын созған. Соған қарамастан қазір Бижанов Қайрат Мұратұлын алаяқ деп айыпталып отыр.
Қазір компания бұрыңғы қызметкерін алаяқ деп айыптап отыр. Жерді еңбекақысы ретінде емес, жымысқы істі іске асырмақ болып алған дейді. Дәлірек, мекеменің бұрыңғы басшысымен ауыз жаласқан деп шағым түсірген. Заңгер бұған дейінгі екі сот отырысында кінәсіз деп танылған. Соған қарамастан оны қайта қамауға алып, жерді қайтарып беруді талап еткен.
ОЛЖАС ҚАЙРАТҰЛЫ, АДВОКАТ:
Оның тарапынан ешқандай алаяқтық әрекет болмаған. Бұл іс 2023 жылы қаралған. Ол жерде азаматың ешқандай кінәсі жоқ деген шешім шықты. Яғни, Бижановтың барлық әрекеті заңды деп танылған. 2024 жылы істі Жоғары сот қарады. Ол кезде де шешім өзгеріссіз қалған.