$517.16 €588.48 ₽6.23
×

Оралда қарасора өсірумен айналысқан адвокат 6 жылға сотталды

AstanaTV
24.04.2025ж. 22:50
104
Оралда қарасора өсірумен айналысқан адвокат 6 жылға сотталды
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық сотында адвокат Тимур Әйтиевке қатысты үкім шықты.

Сот кабинетінен алынған мәліметке қарағанда, оған ҚР ҚК 296-бабы (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу), 297-бабы (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу), 300-бабы (құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) және 287-бабы (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша айып тағылды.

Сот талқысында анықталғанындай, Т.Әйтиев танысы М.Бекқалиевпен бірге тыйым салынған каннабисті (қарасора) өсіріп, аса ірі көлемде марихуана алуға келіскен. Тауардың бір бөлігін сатып, ішінара өздері тұтынбақ болған. Олар Орал қаласының шетінен, Деркөл кентінен елеусіз жеке үй сатып алған. Сыбайласы қарасора өсіру үшін не қажет екенін зерттеп, керекті құралдар мен материалдардың тізімін жасаған. Бұған екеуінің күші жетпейтінін түсініп, жұмысқа Б.Қуанышқалиев пен А.Аймағамбетовті тартқан. 

Осылайша, Әйтиев есірткі өндіруді ұйымдастыру мен қаржыландыру, дайын өнімді есептеу мен өткізу және түскен пайданы бөлу жұмыстарын міндетіне алған. Қалғандары өсімдікті заңсыз өсіру, одан дайын өнім алу және егісті күзетуге тиіс болған. Олар із жасыру үшін жеке үйді өзара «база» деп атауға келіскен. 

Бірнеше ай бойы қылмыстық топ мүшелері үйді қайта жабдықтап, жөндеуден өткізген. 2021 жылдың мамыр айында Бекқалиев интернет-дүкен арқылы каннабис тұқымы мен минералдық тыңайтқыштарды сатып алған. Қыркүйек айында Қуанышқалиев Аймағамбетовпен бірлесіп, каннабис өсіруді бастаған. Каннабис бұталарынан марихуана алған. Кейін олар 12 ұңғылы шолақ аңшы мылтығын, 5 атыс және 12 травматикалық оқдәрісін сатып алған. 

2022 жылы 28 қаңтарда ҰҚК департаментінің қызметкерлері топ мүшелерін құрықтап, үйді тінткен кезде 96 қарасора бұтасы, пластикалық бөшкелер, кептірілген және кептірілмеген марихуана салынған сөмкелер, гашиш пен қару-жарақ табылған.

Әйтиев прокурормен процессуалдық келісімге келіп, өз кінәсін мойындады. Осылайша, ол Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге кесілді. Қалған топ мүшелері бұдан бұрын түрлі мерзімге сотталған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.