Қазақстан
мен Германия Қытайдан жүкті құрлық арқылы Азиямен тасымалдау бағытын дамытпақ.
Бұл туралы Астанаға ресми сапармен келген Германия Президентімен кездесуінде
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Германия Қазақстанның маңызды
экономикалық әріптесі және сенімді досы екенін атап өтті. Екі ел арасындағы
тауар айналымы қаңтар-сәуір айларында
553 млн доллардан асты. Ал олардан бізге келген тікелей инвестициялар көлемі 4
млрд доллардан артық.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жоғарғы
деңгейдегі келіссөздер нәтижелі болды деп есептеймін. Кездесуде өзіміздің
саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың қазіргі ахуалы,
болашақтағы даму мәселелері жан-жақты талқыланды. Біз халықаралық және өңірлік
үдерістерді қарастырып, тығыз ықпалдастықты орнатуға келістік. Сондай-ақ
Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарды нығайтып, өзара іс-қимылды одан
әрі тереңдетуге уағдаластық.
Бұл
Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары. Қос ел
басшысы шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық бағыттар бойынша
әріптестікті нығайтуға уағдаласты. Сонымен
қатар энергетика, ауыл шаруашылығы және транзиттік-көліктік салаларда да
ынтымақтастықты одан әрі дамыта түспек. Кездесу барысында Украина мен Таяу
Шығысты қамтыған халықаралық сұрақтар да қозғалды.
Франк-Вальтер
Штайнмайер, Германия Федеративтік Республикасының президенті:
Таяу
және Орта Шығыс пен Украинадағы жағдайға қатысты ашық пікір алмастық. Ұлы жібек
жолы бастамасы туралы да сөз болды. Аталған жол тарихта инфрақұрылым үшін ғана
қолданылған жоқ. Тауар ғана емес, зияткерлік ойларды тасымалдаған үлкен желі
болды. Сондықтан болашақта Жібек жолы тек инвестициялық жоба емес, Батыс пен
Шығысты табыстыратын көпір болады деп ойлаймыз. Және Қазақстанның Қытай мен
Еуропа арасын байланыстыруға мүмкіндігі зор.