$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Байқоңыр» ғарыш айлағын экологиялық залалсыздандыруға бағытталған ғылыми еңбек Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды

AstanaTV
28.07.2017ж. 20:00
2343
«Байқоңыр» ғарыш айлағын экологиялық залалсыздандыруға бағытталған ғылыми еңбек Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды

Қазақстандық бір топ ғалымдардың «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы экологиялық нормативтерді реттейтін ғылыми жұмысы биылғы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ғалымдар тобы бұл ғылыми ізденіспен соңғы 10 жылдан бері айналысып келген. Жаңа жетістістікті 2013 жылы Қызылорда облысында құлаған «Протон-М» зымыран тасығышынан төгілген гептилдің зардаптарын жою барысында сынақтан өткізген.

Ғылыми-техникалық еңбек зымыран тасығыштардың апатқа ұшыраған жеріндегі қауіпті отындардың концентрациясын дер кезінде анықтау үшін қажет. Сондай-ақ апат аймағына экологиялық сипаттама беру үшін, оның қауіп деңгейін дереу анықтауға мүмкіндік береді. Сөйтіп қоршаған ортаға келтірілген зиянды бағалап қана қоймай, оның зардаптарын жоюға арналған нормативтерді енді отандық ғалымдар да жүзеге асырмақшы. Айта кетейік, ғылым саласындағы жетістіктерді саралап, оған мемлекеттік сыйлық тапсыру рәсімі жыл соңында Елбасының қатысуымен өтеді.

Жайлаубай Жұбатов, техника ғылымдарының докторы, доцент:

Зымыран тасығыштардың отыны төгілген жердегі топырақтарды залалсыздандырудың технологияларын жасап шығардық. Бұл айтылған нормативтер қолданысқа енгізілген. Олар Қазақстан жағынан, Ресей жағынан да қазір қолданыста. Байқоңырдағы экологиялық қауіптердің қоршаған ортаға зияндығын, зиянсыздыған бағалауға және оның зардаптарын  жоюға мүмкіншілік береді.