Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбе қаласында әр оқушының түскі асына бар болғаны 160 теңге бөлінеді

AstanaTV
10.11.2017ж. 20:00
2682
Ақтөбе қаласында әр оқушының түскі асына бар болғаны 160 теңге бөлінеді

Ақтөбе қаласының мектептерінде бір оқушының күнделікті ас мәзіріне бар болғаны 160 теңге ғана жұмсалады. Ал аудандарда 400 теңге шамасында. Мұндай айырмашылықтың себебі неде? Өңірдегі тілшіміз Жақсыбек Кемал мәселенің мән-жәйін анықтауға тырысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Оқушының бір күндік асына бөлінетін 160 теңгенін аз екенін ұстаздардың өздері де мойындайды. Мәселен, бүгінгі ас мәзіріне ботқа, бір стакан шәй, бір тілім нан мен мынадай кішкентай тоқаш қана енген. Дегенмен, ата-аналардың ешқайсысы балаларының білім ордсында ашқұрсақ жүретінін айтып шағымданбаған.

Күнделікті ас мәзірі қаладағы мектептердің барлығына ортақ. Шаһардағы 76 мектепте оқитын аз қамтылған отбасы балалары ыстық тағаммен қамтылған. Олардың жалпы саны 5 мың шамасында. Мәселен, 1200-ге жуық оқушы білім алатын номері 11-інші мектепте осындай 40 оқушы бар.

Ғалия Ізбасқанова, №11 орта мектептің директоры:

160 теңгеге тек сатып алынатын азық-түлік бағасы ғана кірмейді. Жұмысшылардың еңбекақысы да бар. Біздің мектептегі асхананы кәсіпкер жалға алып отыр. 

Облыстағы 379 білім беру мекемесінде 13 мыңнан астам балаға ыстық тағам тегін беріледі. Білім басқармасының мәліметінше, биыл бұл мақсатқа 700 миллион теңге қарастырылған. Өңірде әр оқушының күнделікті ас мәзіріне кететін қаржы көлемі орташа 290 теңгені құрап отыр. Хромтау ауданында бұл көрсеткіш 410 теңге болса, облыс орталығында бар болғаны 160 теңге. Бұл өйткені аудан мен қала бюджетінен бөлінетін қаржыға байланысты. Мамандар мұның айырмашылығы осындай дейді. 

Гүлназ Мырзағалиева, қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Әр ауданның, әр қаланың өз бюджеті болады. Сол бюджеттің бөлінуіне байланысты. Ол бюджет, өздеріңіз білесіздер, қалалық мәслихат сессиясында бекітіледі. Ұсыныстар барлығы сол сессияда қаралады.

Дегенмен, жаңа жылдан бастап қала мектептеріндегі түскі астың бағасын орташа облыстық көрсеткішпен теңестірілмек. Себебі азық-түлік құны қымбаттады дейді мамандар. Ол кезде оқушылардың ас мәзіріне сүт өнімдері мен 10 грамм бал қосылмақ.

Нұргүл Бертілеуова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Облыс бойынша ең жоғары ас, бір күндік астың құны Хромтау ауданында 410 теңге. Ең төмен баға Ақтөбе қаласында 160 теңге. Бірақ ол мәселе қазіргі таңда шешімін табады деп күтілуде. Өйткені қазіргі таңда бюджеттен осы 2018 жылдың қаңтар айынан бастап бір күндік астың орташа құны 290 теңге болады.

Аз қамтылған отбасы балаларының түскі асына бюджеттен бөлек, демеушілер де қаржы бөледі. Мәселен, Қарғалы ауданындағы кәсіпкерлердің бірі ауылдағы мектептің 190 оқушысын түгел ыстық тағаммен қамтып отыр. Ал қалада демеушілер арқылы тамақтанатын 13 қана оқушы бар. Сондықтан облыс басшылығы сала мамандарына демеу болар кәсіпкерлер табуды тапсырған. 

Жақсыбек КЕМАЛ