Негізгі / Жаңалықтар / Әлем елдерінде әскери шығындар артып, жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр - Н.Назарбаев

Әлем елдерінде әскери шығындар артып, жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр - Н.Назарбаев

Әлем елдерінің әскери шығындары артты, бұл жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп мәлімдеді. Президент бұл тұрғыдағы пікірін «Үлкен Еуразия: текетірес немесе серіктестік» тақырыбында өтіп жатқан Астана клубының үшінші отырысында айтты. Сонымен қатар ядролық қарудың қайта қауіп төндіріп отырғанына тоқталып, Таяу Шығыс, Ауғанстан, Ирак пен Украинадағы ахуалға талдау жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әскери қарулануға кеткен шығын тағы да артып, өткен жылы 1,7 трлн долларды құрады. Бұл әлемдің ЖІӨ-нің 2,2 пайызы. Америка әскери шығындарын 611 млрд долларға дейін ұлғайтты. Қытай - 215 млрд долларға дейін, Ресей 69 млрд долларға, Үндістан 56 млрд долларға дейін көбейтті. Бұл соммалар - осы елдердің ұлттық табысының үлкен бір бөлігі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, 2016 жылы әлемнің 104 елінде теракт болған. Бұған  қарап, жаһан "шартты түрде" үшінші дүниежүзілік соғыс деңгейінде тұр деуге болады, - деп атап өтті Елбасы. Осының салдарынан босқындар легі артқан. Соңғы 25 жылда олардың саны 250 млн адамнан асты.

Айта кетейік, халықаралық пікірталас алаңына айналған Астана клубының отырысына әлемнің 27 елінен 60-тан астам делегат қатысуда.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықаралық терроризм апатты ауқымға ие болды. Оларда шекара деген ұғым жоқ. Бүгінде әлемнің кез келген нүктесі жойқын соққының нысаны бола алады. Үшінші мың жылдықтың басынан бері теракттар саны қаза болғандар саны сияқты 10 есе өсті. Терроризмнің жаһандық индексіне қарасақ, 2015 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде 731 террористік шабуыл болды.