$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағанды мектептерінде кадрлар тапшы

AstanaTV
13.11.2017ж. 20:00
4234
Қарағанды мектептерінде кадрлар тапшы

Қарағанды мектептерінде кадр тапшы. Жалақы мардымсыз болғандықтан, жас мамандар  ұзақ тұрақтамайды. Тығырықтан шығу үшін білім мекемелері зейнеткерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Алайда, мәселе мұнымен шешілмеген. Қазірдің өзінде қалада әртүрлі пәндер мен бастауыш сыныптарға 400-ге тарта мұғалім жетіспейді. Педагогтар үкіметтен кадр тапшылығын жою үшін жас ұстаздардың жалақысын көтеріп, әлеуметтік жеңілдіктер жасауды сұрайды.

40 жыл жұмыс істеп құрметті демалысқа шыққан Ольга Эм артынша мектептен шақырту алғанын айтады. Біраз ойланып, жарты күн жұмыс істеуге келіскен. Қазір ол қаладағы лицейлердің бірінде химия пәнінен сабақ береді. Тәжірибесі мол, жоғары санаттағы педагог оқушылардың ортасына қайта оралғанына қуанышты.

Ольга Эм, биология пәнінің мұғалімі:

Алғашында үйде демалам деп ойладым. Бірақ мектепке шақырған соң, отбасыммен ақылдасып, ақыры жұмысқа шықтым. Бір жағынан ақша да артық болмайды. Енді жастар келгісі келмесе, біз секілді зейнеткерлер көмектеспесек, балаларды кім оқытады?

Бұл мектепке математика, химия, биология, география және орыс тілі пәндері мен бастауыш сынып мұғалімдері қажет. Сондықтан басшылық бірнеше зейнеткерді жұмысқа алған. Олар педагогикалық құрамның 15 пайызына жуық. Мәселе мардымсыз жалақыда, деген мектеп директоры, колледж бітірген жас маманға тиесілі жалақы 30 мың теңгеден сәл-ақ жоғары екенін айтады. Ал университет тәмамдаған мұғалімнің айлығы 50 мың теңгеден асады.

Рахат Қазтаев, Қарағанды қаласы №101 мектеп-лицейінің директоры:

Тұрмыстық жағдайларына ақшаның жетіспеушілігіне байланысты жыл басынан бері 3 маман кетті. Біреу география пәні мұғалімі, екеуі бастауыш сынып мұғалімі. Егер біз жылына 5-6 жас маман алатын болсақ, оның ішінде тұрақтап қалатыны 50 пайызы.

Еркеназ Жортарова - Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі, химия пәнінің мұғалімі, үш тілді жетік меңгерген. Бір жылдан бері мұғалімнің аз ғана жалақысына күн көріп жүргенін айтады. Өзі де мектепте көп тұрақтағысы келмейтін ол, қатарластарымды жақсы түсінем, дейді

Еркеназ Жортарова, химия пәнінің мұғалімі:

52-54 мың теңге. Әрине, бұл үлкен қалада тұру үшін аз қаражат. Қаншалықты жұмыстың ауқымы көп болғанмен, жалақы ауқымы өзгеріссіз қала береді. Егер жоғары болған жағдайда, мүмкін, мектепке жас мамандардың талпынысы үлкен болар деп ойлаймын. 

Білім бөлімінің мамандары кадр тапшылығы соңғы бірнеше жылда күрт артқанын айтады. Биыл 180 жас түлек жұмысқа қабылданған, алайда мектептерде әлі де 400-ге жуық мұғалім жетіспейді. Оқу бағдарламасының жиі жаңартылуына байланысты қағаз жұмыстары көбейген. Сабақ үйретумен бірге күн сайын есеп тапсыруға көбісі құлықты емес.

Наталья Головина, Қарағанды қалалық білім бөлімі жалпы және орта білім беру секторының меңгерушісі:

Мұғалімдер аптасына 25-30 сағат жұмыс істейді. Бұдан тыс дәптер тексеріп, келесі сабақтарға дайындалуы тиіс. Эмоционалдық салмақ өте ауыр. Осыған байланысты жас мамандарға әлеуметтік жеңілдік, жаңа бір еңбек шарты, тәуірлеу жалақы керек.

Айжан Қуаш, тілші:

Қала педагогтары ұсыныстарын тиісті министрліктерге жыл сайын жолдап жүргендерін жеткізді. Алайда әзір нәтиже жоқ. Сондықтан үкіметтен бұл мәселені жан-жақты зерттеп, нақты шешім қабылдауды сұрайды. Әйтпесе алдағы уақытта мектептердегі ұстаздар тапшылығы мұғалімдерді қалжыратып, білім сапасының нашарлауына әкеліп соғуы әбден мүмкін.