Негізгі / Жаңалықтар / Құқық қорғау қызметін жетілдіру бойынша заңдағы басты өзгерістер

Құқық қорғау қызметін жетілдіру бойынша заңдағы басты өзгерістер

Бас прокурор Жақып Асанов әріптестерін жаппай қамауға алып жатыр. Мәжілісте Құқық қорғау қызметін жетілдіру туралы заң жобасын таныстыру барысында осындай мәлімет келтірілді. Яғни соңғы бір жылда қылмыстық іспен ұсталған прокурорлар саны 15 жылдық статистикадан асып түскен. Асанов тіпті шенін ақшаға сатқан әріптестері үшін қысылатынын да жайып салды. Сөзге шешен Бас прокурор депутаттарға заң жобасындағы өзгерістерді әдеттегідей майын тамызып түсіндіріп берді. Басты өзгерістерді Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады. 

Бас прокурордың сөзінше, заңдағы өзгерістер қазына қаражатын үнемдеу мен адамдардың құқығын барынша қорғауды көздейді. Құжатқа сай, соттың шешімінсіз күдіктіні қамауда ұстау мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа қысқармақ. Ал 18 жасқа толмағандарды бір тәуліктен артық ұстауға тиым салынады. Асановша айтқанда, айдан анық қылмыстық істер бұдан былай 6-9 күнде жабылады.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Ұры қолынан ұсталды, куә бар, жәбірленуші бар, бәрі айтып тұр. Видео жазылған, ешқандай күмән жоқ. Өзі мойындап тұр. Айдай анық іс. Осындай іс 15 күн тергеледі, 3 күн прокурор, 20 күн сот қарайды. Сонда 2 айдай уақыт кетеді. Мұның бәрі шығын мемлекет үшін.

Адам құқығы демекші. Қазір тергеушілер күдікке ілінген жанның сыртынан жасырын дерек жинап, тың тыңдап жүре береді. Егер кінәсі дәлелденбесе, тергеу сырттай тоқтатылады. Әлгі аңдуға түскен адам бұдан бейхабар күйде қалады. Өйткені оған ескерту жасау туралы тетік заңда жоқ.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Тергеу органы анау адамға сізге қатысты осындай жасырын жұмыс жүргізілді, деген хат берілу керек. Сол адам бұл заңсыз, маған нұқсан келді десе, ол сотқа жүгінуге құқылы болады.

Асанов погондылардың қылығын жақсы білетін болып шықты. Тіпті мәжіліс мінберінен мұны ашық мойындады.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Қылмыстық іс бар ғой соның қожайыны деп санаймыз өзімізді. Сосын жаңағы қылмысқа тартып жатқан адамның тағдыры менің қолымда деп кеудемізді ұрамыз. Бұл Кеңес одағынан келе жатқан көзқарас, қанымызға сіңген әдет, қалыптасқан менталитет. Мен оны мойындаймын. 86 жылдан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істеймін. Осы ауруды қалай емдейміз?

Мұның емі ретінде сандық форматқа көшуді атады. Сауд Арабиясы, Түркия, Грузия елдері бұл жүйеге 10-15 жыл бұрын көшіп алған. Бас прокурор ашықтық барда ұрдажық құқық қоғаушылар  азаяды деп сенеді. Сондықтан IT технологияға ден қоя бастаған.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Бүгінгі күні 200 санкция соттардан электронды форматта алынды. Бұрын 3-4 күн сандалып жүрсе тергеуші, қазір кабинетте отырып 1-2 сағатта, анықтамаларды 10 минутта  алып жатыр.

Әдетте заң жобасын қағазға қарамай-ақ, мүдірмей қорғап шығатын Асановтың сөзге аса шешендігі депутаттарға ұнаса керек, бірден екінші оқылымда қарап, құжатты сенатқа жолдап жіберді.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ