«Астана-Павлодар» тас жолының құрылысында қиындық туындады. Қиыршық тасты жеткізу ісі кешеуілдеп, салдарынан жол салушылардың жұмысы тұралап қалды. Бұл туралы «Астана» арнасына «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Павлодар филиалының өкілі хабарлады. Биыл кен өндірушілер тиісті миллион текше метр тастың тек 612 мың текше метрін өндірген. Осының салдарынан кідіріс болуы мүмкін деген болжам бар. Қажетті көлемді бес жабдықтаушы фирма қамтамасыз етуі тиіс. Алайда оның біреуі қаржылық дағдарысты сылтауратып, қиыршық тас өндірмеген. Өзгелері тиісті көлемнің жартысын ғана жеткізген.
Күрежол құрылысы 2018 жылы аяқталуы тиіс. «Астана-Павлодар» тас жолы жобасының жалпы құны 202 млрд теңге. Маңызды жоба республикалық бюджет пен инвесторлардың қаржысына салынып жатыр.
Ақылбек Қабылдин, «Қазавтожол» ҰК» АҚ ПОФ директорының орынбасары:
Күні кеше өткен жиында облыс әкімі жер қойнауын пайдалану және табиғи монополияларды реттеу басқармаларына қиыршық тас жеткізушілерді қатаң бақылауға алу туралы тапсырма берді. Яғни олардың келер жылы тиісті мөлшердегі өніммен қамтамасыз етуі қадағаланады.
Жер қойнауын пайдалану басқармасының өкілдері облыста 13 қиыршық тас өндіретін кәсіпорын бар екенін айтады. Республикалық маңызды жолдың құрылысына 1400 маркалы тас пайдаланылады. Мұндай өнім тек Екібастұз бен Баянауылда өндіріледі.
Әйгерім Қабылтаева, Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:
Сұрыпқа қатысты қандай да бір мәселе жоқ. Сондықтан 13 кәсіпорын бар деп айтамыз. Алайда "нақты мына марка керек" дегенде, бұл қажеттілікті үш кәсіпорын ғана қамти алатынын анықтадық. Өндіріс көлемін арттыру жоспарда бар.