Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Әріптесін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған қостанайлық дәрігер 25 жылға бас бостандығынан айрылды

Әріптесін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған қостанайлық дәрігер 25 жылға бас бостандығынан айрылды

Әріптесін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған қостанайлық дәрігер 25 жылға бас бостандығынан айрылды. Облыстық психоневрологиялық диспансердің бұрынғы бөлім меңгерушісі Зауреш Изалдинаның сыбайластары да жазадан тыс қалмады.

Еске салайық, биылғы ақпан айында сот медицина сарапшысы, Қостанай облысының штаттан тыс бас психиатры Рашида Сандыбаева 30 жерден пышақталып,  қатігездікпен өлтірген еді. Бірнеше бап бойынша айыпталған қылмыстық топқа қатысты бүгін сот үкім шығарды.

Заңғар Санай тілші:

Қоғамдық резонанс туғызған іс сотта үш айға жуық қаралды. Процесс барысында отызға тарта куәгер сұралған. Айта кетерлігі, алғашқы отырыста сотталушылар алқа билердің қазылығынан бас тартқан еді. Қылмыстық істің басты фигуранты Зәуреш Изалдина «Ірі көлемде алаяқтық», «Алдын ала сөз байласу арқылы топтасып екі және одан да көп адам өлімін ұйымдастыру» баптары бойынша жазаға кесілді. 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысуына шектеу қойылды.

Абай Райысов, Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

25 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалсын. Меншігіндегі және қылмыстық жолмен алынған дүние мүлкі тәркіленсін.

Сот экс-дәрігерді екі бап бойынша ақтады. Зәуреш Изалдинаның алдын-ала сөз байласу арқылы ұрлық жасауға, кісі өлтіруге оқталу секілді қылмыстарға қатыстылығы дәлелін таппады.

Абай Райысов, Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Сот оның  әрекетінде кісі өлтіруге оқталу жоқ деп шешті. Тек кісі өлтіруге  дайындық болған.

Сот үкімімен Руслан Гафаров 24 жыл 6 айға, Болат Китебаев 22 жылға, Виктор Кодатенко 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды. Жауапкер тараптың адвокаттары сот үкімімен келіспейді. Адвокаттардың арасында ұзақ жыл медициналық қызметті бақылау комитетін басқарған Зәуреш Изалдинаның әкесі Қуаныш Ақбаев та бар.

Қуаныш  Ақбаев,  қорғаушы:

Жоғарғы сотқа дейін барамыз. Біздің енді үкіметте дұрыс адамдар бар шығар. Осындай мәселені қарайтын. Апелляциялық болсын, Верховный суд  болсын, қайда барсақ та,  баламызды қалдырмайыз. Жынды адамдардың айтқанымен сот болды. Бұл масқара ғой. 

Айыптау актісіне сәйкес, Зәуреш Изалдина компромат жинаған әріптесінен құтылу үшін диспансердің пациенті Гафаровтың көмегіне жүгініп, 100 мың АҚШ долларын беруге уағдаласады. Ал Руслан Гафаров  бұл іске таныстары Болат Китебаев пен Виктор Кодатенконы тартқан. Олар Рашида Сандыбаеваны қатігездікпен өлтіреді. 

Судья Абай Райысов жәбірленуші тараптың азаматтық талап арызына қатысты да шешім шығарды. Марқұм Рашида Сандыбаеваның туыстарына 4 миллион теңгеге жуық материалдық және моральдық өтемақы төленуі тиіс.

Заңғар САНАЙ