Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қазақстанда 2030 жылы қант диабетімен ауыратындар саны 1 млн-ға жуықтауы мүмкін деген болжам бар

AstanaTV
17.11.2017ж. 20:00
3440
Қазақстанда 2030 жылы қант диабетімен ауыратындар саны 1 млн-ға жуықтауы мүмкін деген болжам бар

Қазақстанда қант диабетін емдейтін мамандар азайып барады. Әсіресе батыс өңірлерде эндокринологтар мен диабетологтар мүлде тапшы. Алматыда дүниежүзілік сусамыр дертіне қарсы күрес күніне арналған халықаралық жиында осындай мәлімет айтылды. Жапониядан келген білікті мамандар қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуға ниетті. Олар сырқатпен күресте озық технологиядан бөлек, білікті маман даярлаудың да маңызды екенін айтып отыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

2030 жылға дейін қант диабетінен зардап шегетін отандастарымыздың саны 3 есеге артуы мүмкін. Мамандар осылай деп дабыл қағуда. "Мұны аспаннан алып отырған жоқпыз, дерттің өсу динамикасына қарап болжадық",- дейді. Соңғы деректер бойынша Қазақстанда сусамырға шылдыққандар саны 300 мың адамға жеткен. 

Жанай Ақанов, Асфендияров атындағы ҚҰМУ ішкі ағза аурулары клиникасының директоры: 


Аймақтарда жағдай тұрақсыз. Себебі маман тапшы. Алыс өңірлердегі азаматтар үшін өзі тұрған жерде ем алу мүмкіндігі аз. Солтүстік пен Батыс Қазақстанда дәрігерлер жетіспейді. Алматы мен Астанаға сабылған науқастар көбейіп барады. 

Сусамыр дертіне шалдыққандарды қолдау үшін арнайы орталықтар құрылған. Қазір елде мұндай клиникалар бесеу болса,  келесі жылы 16-ға дейін жеткізу туралы жоспар бар. Бірақ бұл іске тағы сол маман тапшылығы кедергі болуы мүмкін. Медициналық оқу орындарында оқитын студент жастар арасында соңғы жылдары эндокринолог мамандығын игеруге деген қызығушылық төмендеп кеткен. 

Токио Джиньен Суи, Азиялық диабет қауымдастығының бас хатшысы:

Диабетпен ауыратындардың өмірін ұзарту үшін, түрлі препараттар ойлап табылып жатыр. Бірақ зерттеулер терапиялық емдеу мен өмір салтын дұрыс ұстанудың ең тиімді жол екенін дәлелдеді. Бұдан шығатын қорытынды - мамандар көмегіне сүйену. Диабетологтар науқаспен тікелей жұмыс жасаса, жаңадан қойылатын диагноздардың 55 пайызға азаятынын айтқым келеді. 

Жыл басынан бері қант диабетіне жаңадан шалдыққан 16 мыңдай қазақстандық анықталған. Ал жалпы науқастардың саны 308 мыңға жуықтайды. Өсім осылай жалғаса беретін болса, 2030 жылы диабектиктер саны 1 миллион адамға жетіп қалуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері Қазақстанда халықтың 10 пайызы қант диабетінен зардап шегетінін көрсеткен.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қант диабетіне шалдығудың ең қауіпті жолы - салуатты өмір салтын ұстанбау. Денені май басу, дұрыс тамақтанбау сусамырлыққа әкеледі, дейді мамандар. Күнделікті өзіңе көңіл бөлу қымбат препараттар мен терапиялық емдеуден де тиімді. Сарапшылардың айтуынша, елімізде ауруға шалдыққандарға көмектесетін мамандар тапшылығы 32 пайыздан асқан. Мысалы, Ақтау сияқты 200 мың тұрғыны бар қалада 6-ақ эндокринолог жұмыс жасайды.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ