$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкенттік жас отбасылар үшін семинар-тренингтер апталығы басталды

AstanaTV
21.11.2017ж. 20:00
4239
Шымкенттік жас отбасылар үшін семинар-тренингтер апталығы басталды

«Бақытты отбасы - бақытты балалық шақ». «Нұр Отан» партиясының жобасы аясында бүгін шымкенттік жас отбасылар үшін семинар-тренингтер апталығы басталды. №35 мектепте ұйымдастырылған шараға қатысқандар «Қайткенде бала отбасында бақытты болады?» деген сауалға жауап іздеді. Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова бүгінгі балалардың ата-анасы бола тұра «әлеуметтік жетімдіктің» зардабын тартып жүргендерді алға тартты. Өңірде суицидке бару дерегінің жиілеп кетуі - ойланатын мәселе. Бұған көп жағдайда ата-анасы ішкілікке салынғандар баратынын дәйек етті. Отбасындағы зорлық-зомбылықты жою, ажырасу фактілерін азайту бағытында жұмысты жүйелеу қажет, - деді сөз алғандар.

Баян Жандосова, ОҚО әйелдер кеңесінің төрайымы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі: 

«Әлеуметтік жетімдік» мен өзім сараптама жүргізгенде, 47 пайыз  балалар айтады: «Менің айтатын адамым жоқ. Ішкі дүниемді айтатын адамым жоқ, мені ешкім түсінбейді»,-  дейді. Қоғам болып, ел болып бәріміз осы мәселелерді көтере беруіміз керек. Сонда мен ойлаймын, бақытты отбасы болады деп. Өйткені бізде 50 пайыз ажырасу болып кеткен.


Іс-шара аясында оқушылар ата-аналары мен ұстаздарына арнап ән салып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ апталық барысында Әділет басқармасы өкілдері, заңгер, адвокаттар мен психологтар көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді.  

Баян Есімова, « Нұр Отан» партиясы әл-Фараби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Ата-аналарға, осы мектептің ұжымына психологиялық, заңдық көптеген кеңес беру үшін осы іс-шара ұйымдастырылып отыр. Мақсаты - біздің халқымызды  осы мемлекеттік бағдарламалармен, заң аясындағы көптеген кеңестермен таныстыру, психологиялық көмек көрсету.