Негізгі / Жаңалықтар / Тепкіге жығылып, тіл тартпай кеткен жігіттің ата-анасы әділдік іздейді

Тепкіге жығылып, тіл тартпай кеткен жігіттің ата-анасы әділдік іздейді

Тойға барып, тіл тартпай кетті. Алматы облысында үйлену тойына барған жігіт үйіне оралмады. Бір топ жігіттің тепкісіне түсіп, мейрамхана маңында көз жұмған. Осылай деген отбасы мүшелері әділдік іздеп жүр. Олар 23 жасар Сұңғатты соққыға жығып өлтіргендер, 1 ай өтсе де, қамауға алынбады деп отыр. Күдікті кімдер, олар неге бостандықта жүр? Мәселені Олжас Нұржақып тарқатсын.

Бегдалиевтер әулетіне қан жұттырған оқиға қазанның 27-нен 28-не қараған түні болған. Әкесі Оспандиярдың айтуынша, сол күні кешке баласы Талғар ауданындағы Көлсай мейрамханасына досының тойына кетеді. Бірақ түн ауа сағат 2 жарымдар шамасында, той иесі Сұңғаттың ауруханаға түскендігін, хабарлапты.

Оспандияр Бегдалиев, Сұңғаттың әкесі:

Ресторанның алдында өлген. Бізге "өлі денесін алып келді" деді.  Бұл групповой. Ешқайсысын ұстап отырған жоқ. Бір баланы ғана алып қалды. Бұл жерде ешқандай әділдік жоқ. Менің сұрарым, әділдік!

Әкенің айтуынша, баласын 9 бұзақы топ болып тепкіге алған. Шамбайына батып отырғаны - барлығының қамауға алынбағаны. Өйткені күдікті деп тоғызы емес, тек екеуі ғана қамалған. Оның бірін көп ұзамай босатып жіберген дейді. Оспандияр Бегдалиев Талғар аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі іске енжарлық танытқандықтан, амалсыз облысқа шағымдандым деп отыр. Қорғаушы 2 қарашадан бері бұл іске үңіліп, талай шикілікті тапқанын айтады. 

Камшат Шинтекова, Бегдалиевтер әулетінің адвокаты:

Дер кезінде айғақтарды жинамай, куәларды анықтамай, сот медицина сараптауының тағайындауы бойынша қаулымен жәбірленуші тарапты таныстырмай және айыпталушылардың киімін уақытылы, дер кезінде алмаған. 99-шы бап, кісі өлімі орын алғандықтан, сол баппен қозғауын талап етіп отырмыз. Бірақ талабым әлі күнге дейін қанағаттандырусыз.

Ал Алматы облысы Ішкі істер департаментінің өкілі жігіттің өліміне екі күдіктінің қатысы бар дейді.

Көбейхан Нұрахмет, Алматы облысы ІІД ресми өкілі:

Аталған іске байланысты екі күдікті ұсталды. 1994 жылы туылған олардың біріне Қылмыстық кодекстің 106 бабы бойынша іс қозғалса, екіншісіне «бұзақылық» фактісімен айып тағылды. Қазіргі таңда күдіктінің бірі үй қамаққа шығарылды. Екінші азамат уақытша қамауда. Қазіргі таңда іс облыстық тергеу басқармасына жіберілді.

Олжас Нұржақып, тілші:

23 жасар Сұңғаттың артында сегіз айлық қызы мен жары қалған. Қайғыдан қан жұтқан отбасы кінәлілер жазаланбайынша, көңіліміз көншімейді деп отыр.

Олжас НҰРЖАҚЫП