Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Энергетикалық сусындарды тұтыну қаншалықты зиян?!

AstanaTV
15.12.2017ж. 20:00
3969
Энергетикалық сусындарды тұтыну қаншалықты зиян?!

Энергетикалық сусындарды күнделікті тұтыну бауыр мен бүйрек жұмысын нашарлатады. Зат алмасу процесін бұзып, адамның ағзасына орасан зиянын тигізеді. Қазақ тағамтану академиясының ғалымдары осылай деп отыр. Яғни олар Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбековтің ұсынысын құптайды. Апта басында депутат энергетикалық сусындарға «тиым салу» бойынша Үкімет басшысына сауал жолдаған еді. Осыған қатысты алматылық тілшіміз біршама зерттеулер жүргізді. Олжас, сөз сенде, бұл сусындардың тағы қандай зияны бар екен?

Иа, Ләйла, әу баста алыс қашықтықты бағындырушылар үшін шығарылған энергетикалық сусындарды қазір жұрт жаппай тұтынуға көшкен. Заман талабына сай олардың түрі де көбейе түсті. Қазақстанның өзінде мұндай газдалған тәтті судың 10-нан аса түрі тіркелген көрінеді.

Құрамында синтетикалық кофеин, таурин, көмірқышқыл газы бар сусынға, әсіресе, жастар құмар. Бірақ зияндылығына аса мән бере бермейді. Қазақ тағамтану академиясының өкілі Айгүл Нағашыбекқызы, сусындарды шамадан тыс көп ішу дұрыс емес, дейді.

Айгүл Қожахметова, Қазақ тағамтану академиясының ғылыми қызметкері:

Кофеиннің мөлшері бір шыны кофемізде 45 миллиграмға дейін кездесетін болса, синтетикалық кофенің бір құтыдағы мөлшері 3-4 есе жоғары кездеседі. Көп жағдайда осы синтетикалық заттар адам ағзасына түскенде орасан зор әсерін тигізеді, бірінші, екінші, тәттілік заттар өте көп деңгейде. Ол қандағы қанттың деңгейін жоғарылатады.

Әлемнің бірқатар елдері энергетикалық сусындарды кәмелеттік жасқа толмаған балаларға сатуға тиым салған. Ал енді бір мемлекеттерде мұндай сусындар дәріханаларда дәрігердің нұсқауымен беріледі екен. Сонымен, энергетикалық сусынның тәуелділікке жетелейтіні рас па? Белсенділікті арттыратын сусынды табиғи өніммен алмастыруға бола ма? Осы және өзге де сұрақтарға ертең кешкі сағат 20.00-де «Біздің уақыт» сараптамалық бағдарламасында жауап іздейтін боламыз. 

Рахмет, Олжас. Айта кетейік, бізбен байланыста болған алматылық тілшіміз Олжас Нұржақып болатын. Хабарымызды әрі қарай жалғастырамыз.