Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжарда жыл басынан бері 6 мыңдай ұрлық жасалған

AstanaTV
15.12.2017ж. 20:00
2796
Қызылжарда жыл басынан бері 6 мыңдай ұрлық жасалған

Қызылжардың тәртіп сақшылары ломбардтармен қоян-қолтық жұмыс істеуді жолға қойды. 2015 жылы ішкі істер департаменті мен бағалы заттар қабылдау бекеттері екі жақты меморандумға қол қойған. Ортақ келісім биыл нәтиже бере бастады. Жыл басынан бері ұрланған 53 әшекей-бұйым иелеріне қайтарылған. Ломбардтар полицейлермен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі ме? Мұны аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин білуге тырысты.

Биыл қалада 6000-нан астам ұрлық тіркелді. 70 пайызында мүліктер қолды болған. Полицейлердің ломбардтармен бірлесе жұмыс істеуі кездейсоқ емес. Ұрылар оңай олжасын ақшаға айырбастау үшін көп жағдайда осында келеді. Ал сақшылар арнайы тексерістің арқасында жымқырылған әшекей бұйымдарды анықтайды.

Петр Климов, СҚО ІІД криминалды полиция басқармасының басшысы:

Қолды болған заттардың фотоларын ломбардтарға жібереміз. Кейде ұрланған бұйым келгенін өздері хабарлайды. Арнайы рейд кезінде олардың сейфтерінен табылатын жағдай да кездеседі. Кейін құнды затты тапсырған адамды анықтап іздеу саламыз.

Петропавлда 73 ломбард бар. Олар тәртіп сақшыларымен әріптестік орнатуға мүдделі. Ломбардтардың ұрланған заттардан аулақ болуға тырысатыны түсінікті. Өздерінде ұрлық орын ала қалса, ең алғашқы болып полицейлер көмек қолын созады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Шаһардағы ломбардтар мен валюта айырбастау бекеттері шағын бекініс іспеттес. Мұнда қауіпсіздік шаралары нық қарастырылған. Күзетшіні айтпағанда, темір есік пен торға байланысты ішіндегі бүкіл байлықты ұрлау мүмкін емес. Дегенмен, ұсақ затты алып қашпақ болған адамды бірден ұстау әзірге қиынға соғады.

Оксана Петушкова, ломбард директоры:

Қауіпсіздік шараларын жетілдіруді қолға алдық. Есіктерге қосымша магниттер орнатылмақ. Сақинаны саусағына өлшеп, қашып кететін жағдайлар кездеседі. Ондайда арнайы пернені басып есікті бекітіп тастаймыз. Ұрланған заттарды қабылдасақ, полицейлер оны тәркілейді. Ал құнын ұрыдан сот арқылы өндіріп аламыз. Тәртіп сақшыларымен жұмыс істеген маңызды.

Тонау фактілері ломбардта ғана емес, валюта айырбастау бекеттері мен букмекерлік кеңселерде де кездеседі. Былтыр аймақта екі жағдай тіркелген. Осыған байланысты полицейлер ұрлық кезінде қарекет етудің арнайы тәртібін ойлап шығарды. Мұны күзет агенттіктерімен бірлесе, тәжірибе жүзінде шыңдап көрді.

Болашақта ломбардтарға қатысты заңнамалар өзгеруі мүмкін. Ұрылардың ізіне түсіп, оларды жеңіл анықтау үшін ломбард өкілдері әр клиентті суретке түсіруге міндеттелмек. Сондай-ақ, бағалы бұйымды дер кезінде алып кетпеген адамдарды бақылауға алу жоспарланып отыр. Жобалар ұлттық экономика министрлігінің қарауына жолданды.

А.Құрманкин