Спорт Қазақстан
$449.3 €489.69 ₽4.89
×

Кох таяқшасы әл берер емес...

AstanaTV
23.12.2017ж. 20:00
6741
Кох таяқшасы әл берер емес...

Статистикалық комитеттің мәліметінше, алғашқы жарты жылда 3733 адам туберкулез жұқтырған. Тек мамыр айында Кох таяқшасы 765 адамнан табылған... Есептерді қарап отырсақ, БҚО –да туберкулезден бір жылда 16 адам көз жұмған. Қазір осы облыста 500 адам бұл дерттің өршіп тұрған формасымен ауырады. Олардың 300-і құрт ауруын биыл жұқтырған. Негізі, соңғы уақытта әлемде туберкулездің ауыр түрлері шыға бастаған. «Біртіндеп туберкулез қаупі азаяды» деп жүргенде, керісінше, қайтадан актуальді болып барады. Ең жаманы, бұл ауру еліміздің барлық бұрышын жайлаған. Қымыз ішу керек дейін десем, құрт ауруы меңдегендердің негізінен нашар тұратын адамдар екенін білемін. Тазасын ауылдан алдыртып ішу арзан емес. Тіпті ауылда тұратындар үшін де таңсық... Қазіргі ахуалды Еркін Карин баяндайды. 

Елуді еңсерген жігіт ағасы Әлібек Хамзин өкпесіне суық тигізіп алғанын білмеген. Қазір туберкулезден емдейтін диспансерде. Ауылда қалған бес баласының көз жасы шығар - ауруы асқынбапты. Енді үйіне қайтар күнді асыға күтіп жүр.

Әлібек Хамзин, науқас:

Бір айдай болды жатқаныма. Бұрын-соңды ондаймен ауырып көрген жоқпын. Қобалжу болды ғой, амал жоқ енді, отбасым үшін, өзім үшін келіп жаттым, жазылмайтын ауру емес қой.

Серік Сәдуев, науқас:

Өзім білмедім. Бәрі жақсы болған. Жұмысқа шыққанда туберкулез деп шығып қалдым. Өзім түсінбей қалдым.

Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын туберкулездің бұрыннан қолданылып келе жатқан дәріге бой бермейтін ауыр түрлері пайда болған. Ескірген емді мойындамаған Кох таяқшалары қайтадан бас көтерді. Жуырда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен «Денсаулық жолындағы әріптестік» үкіметтік емес ұйымы арасындағы меморандумға сай, 600 науқасқа арналған препарат әкелініпті. Бұл жаңа дәрілердің күштілігі сондай, ауруы айықпас дертке айналғандардың халін жеңілдетеді. Ауыр жағдайдағы шымкенттік 8 науқасқа бір аптадан бері осы дәрілер беріліп жатыр. Өйткені өңірде құрт ауруы өршіп барады. Былтырғымен салыстырғанда, сырқаттардың саны 12% артқан. Күні бүгін 1665 науқас тіркеуде тұр.

Шахризада Айымбетова, ОҚО туберкулезге қарсы диспансердің бөлім меңгерушісі:

Қазіргі әлеуметтік жағдайға байланысты ғой. Жұмыссыздық... көбісі Астанаға жұмыс істеуге кетеді ғой. Сол жақтан суықтап, екі-үш айдан кейін қыста жұмыс істеп келгенде көктемде ауырып келеді. Біздің оңтүстіктің табиғаты мен ол жақтың табиғаты салыстырмалы түрде келмейді.

43 жылдан бері қолынан қандауыры түспеген оралдық хирург Сағындық Жидебаев бүгін де операция залында. Айтуынша, күніне екі рет ота жасайды. Бірақ осыдан 30 жыл бұрынғымен салыстырғанда, жағдай анағұрлым жақсарған. Кеселді ерте анықтап, ушықтырмай емдеуге қол жетіпті. Ал келер жылдан бастап, қысқа мерзімді емдеу жүйесі енгізіліп, сырқатты небары 8-9 айда емдеп жазуға болады. Бұрын бұл іске кемінде екі жыл кететін. Енді жаңа жүйенің көмегімен емдеу уақыты екі жарым есеге қысқарады. Қазірдің өзінде Оралда құрт ауруын жұқтырғандардың қатары жыл сайын 20 пайызға азайып отыр.

Сағындық Жидебаев, хирург:

Бізге түскенде асқынып келмейді, бұрын асқынып келетін еді. Сосын бір өкпесін алып тастауға тура келетін болды. Қазір ондай операциялар өте сирек кездеседі. Операциядан кейін әрине, күтініп жүру керек. Операцияда біз зақымдалған жерді алып тастаймыз ғой. Туберкулез – инфекциялық ауру, микробтар қалады, қайтадан ауыруы мүмкін.

Сырқатқа - ем, сауға – қуат беретін қымыздың да шипасы мол. Қазақ «құрт ауруы» деп атаған кеселден кезінде Шоқан да осылай емделген. Жылқы сүтінің қасиетін кеңес дәрігерлері де мойындап, тек осы сусынмен емдейтін санаторийлер де ашылған. Бәлду, бәлду, бәрі қалды... Қазір де дертіне дауа іздегендердің бірқатары бие байлағандарды жағалайды. Бірақ қымыздың да қымызы бар. Қорада ұстаған жылқы мен жайылымда жүрген жылқының қымызы екі бөлек.

Мамыр Байдаулетов, айтыскер-ақын, қымыз зерттеуші:

Бұл ең біріншіден, мынау анемия деген бар, әлсіздік. Бұл осының бірден-бір емі. Көктемде мұны ішсе, үзбей, ешқандай қосымша дәрі-дәрмексіз адамды өз қалпына 15 күннен кейін келтіреді. Күнде кешкі астан кейін 250-300 грамм ішіп отырған адам болатын болса, әлсіздік болмайды, ол кісіде.

Туберкулезді мамандар «әлеуметтік ауру» санайды. Өйткені бұл кесел тұрмысы төмен отбасыларға, қаңғыбас-кезбелер мен түрмеден босап шыққандарға үйір. Ал маскүнемдерге литрі мың теңгеден сатылатын қымыздан гөрі, күйігін ішімдікпен басқан әлдеқайда жеңіл. Дегенмен аурудан емдеу - елімізде тегін. Бірақ осының да қадірін білмейтіндер бар.

Татьяна Новокрещенова, БҚО туберкулезге қарсы диспансер директорының орынбасары:

Туберкулезден емделу үшін ұзақ уақыт керек. Бірақ кейбір науқас осыған шыдамайды, тіпті қашып та кетеді. Бүгінде із-түзсіз кеткен 20 науқас іздестірілуде. Бостандықта жүрген олар айналасындағыларға ауру жұқтыруы мүмкін. Туберкулез, өзіңіз білесіз, ауамен тарайды. Жөтелген, түшкірген сырқаттан миллиондаған бактерия шашырайды. Сондықтан тубдиспансерді жеке күзет жасақтары емес, полиция күзетсе, қашқындар азаяр еді.

«Аждаһа» сияқты аузынан «жалын» атқан қашқындарды ұстап әкелу полицейлерге де оңай емес. Сырқаттарды жеткізуге арнайы көлік пен киім-кешек берілсе де, қызмет барысында ауру жұқтырып алуы әбден мүмкін. Бірақ ауруханадан қашқан 20 науқасты, олардың бесеуінің тұрақты мекені жоқ екен, жыл соңына дейін табамыз деп сендірді. Бір өкініштісі, елді әуреге салғандар заң алдында жауап бермейді.

Серік Беркалиев, БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің инспекторы:

Бір жылдап, алты айлап жатады. Жатқанда іштері пысады. Сол себептен еркіндікке шығып, өздері ішіп қалғасын, ішкісі келеді. Сол уақытта қашып кетеді. Бір-екі күн қашып жүріп ішеді де, өздері қайтып келеді. Тізімі жақында түсті. Анықтаймыз, тез арада табамыз.

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 8 жарым миллион адам туберкулезбен ауырып, 1 миллионнан астамы осы кеселден көз жұмады. Олардың елеулі бөлігін әйелдер мен балалар құрайды. Ал Қазақстанда 17 мыңнан астам адам диспансерлік тіркеуде тұр. Былтыр осы ауру 607 адамның өмірін жалмаған. Биылғы дерек әлі белгісіз. Белгілісі, бір ғана Оралдың өзінде дерті дендеген 16 адам дүние салыпты.

Еркін Карин, тілші:

Туберкулез жұқтырған адам міндетті түрде осы аурудан емдейтін мекемеде ем алуы тиіс. Өз бетімен емделу немесе емшілерден үміттену - бос әуре. Өйткені дерті дендесе, жақындарына жұқтыруы да мүмкін. Сондықтан денсаулығыңызды уақытылы тексертіп тұрған жөн. Мұның ешқандай әбестігі жоқ. Аталарымыз ауруын жасырған өледі деп бекер айтпаған.

Еркін Карин, Айзада Төребекқызы, Абзал Құрманкин, Наурыз Халит «Біздің уақыт».