Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

«Жетім көрсең, жебей жүр!» Қамқоршы ананың үйінен репортаж.

AstanaTV
23.12.2017ж. 20:00
2823
«Жетім көрсең, жебей жүр!» Қамқоршы ананың үйінен репортаж.

Жетім балалардың қазына мекемесінде емес, үйде өскені дұрыс. Асыраушы өз атына жаздырып, бауырына барынша қысып жатса, құба-құп. Ал жалпы, ата-ана қарауынсыз қалған баланың патронаттық үлгідегі болсын, әйтеуір «отыр», «тұр», «жат» деген бұйрықтар басым, не жасыратыны бар, әлімжеттік болатын ортада емес, шаңырақ ұғымын түсініп, үйде өскені керек. Әрине, кісі баласын адам қылу оңай емес. Бар жағынан. Біздің Ақтөбе облысындағы тілшілеріміз 20 жылдан аса бала асырап, ұясынан ұшырып жүрген бір апаймен әңгімелескен. Қазір 13 бала бағып отырған Светлана Мусинаның көрген - түйгенін Жақсыбек Кемал баяндап береді.

Бүгін Александра үшін ерекше күн. Алғаш рет Ақтөбедегі Президент шыршасына шақырылды. Облыс әкімінің қолынан сыйлық алды, басқа балалармен бірге шаттыққа бөленді. Ол бұл күнді ешқашан ұмытпасы анық. Енді көрген қызықтарын үйдегі бауырларына жеткізуге асық.

Александра мен үйдегі тағы 12 баланың қамқоршысы Светлана Мусина үшін қазақтың «балалы үй - базар» деген мақалы өмірлік ұстанымына айналған. Өйткені ол: «балалардың күлкісін естіп, бал қылықтарын көрмесем отыра алмаймын», - дейді. Бұл үйдегі атмосфераға қарап, оған сенгіміз келді. Светланаға жетім балаларды қамқорлығына алуға кездейсоқ оқиға себеп болыпты. Әрі өзі де балалар үйінде тәрбиеленгендіктен, жетімдердің тағдырына бей-жәй қарай алмағанға ұқсайды.

Светлана Мусина, қамқоршы:

Алғаш біз Таняны алдық. Ол кезде өзімнің 5 балам әлі кішкентай еді. 90-ыншы жылдардың қиын болғанын жақсы білесіздер. Мен вокзалда бәліш сатып жүргенмін. Жұрт та қолындағы барын сатты. Сондай күндердің бірінде туған анасы Танюшаны маған 500 теңгеге айырбастап кетті.

Светлана Мусина 1995-інші жылдан бері 30-ға жуық балаға қамқор болған. Үлкендері әлдеқашан үйлі-баранды болып, өмірден өз жолдарын тауыпты. Бірі қызмет көрсету саласында жұмыс істесе, тағы бірі жеке кәсіппен айналысып жүр. Қамқоршы ана: «Ең бастысы, балаларым жаман жолға түскен жоқ, атыма кір келтірген емес»,-деп марқаяды. Әрқайсысы әр қиырда жүрсе де, аналарына жиі хабарласып, мүмкіндігінше келіп тұруға тырысады екен. Светлана Ақтөбеде тұратын үлкен балаларын енді жаңа жыл мерекесіне қарсы күтіп отыр.

Светлана Мусина, қамқоршы:

Мен балаларыма ылғи айтамын, ана жақта үлкендерше ойладыңдар, енді оны қойыңдар. Маған сендердің бала болғандарың маңызды. Олардың ойнағанын, еркелегенін, оқығанын қалаймын.

«Бір биеден ала да, құла да туады». Ал, бұл отбасындағы балалар тіпті, ұлттары да, ұстанымдары да бөлек әр анадан туған. Сондықтан тек түрлерінде ғана емес, мінез-құлықтарында да айырмашылық бар. Бәрін қамқоршыға деген сенім мен жылы сезім біріктіргенмен, ара-тұра келеңсіз оқиғалар да болып жатады. Мәселен, бұған дейін басқа отбасында тәрбиеленіп, қиқар мінезімен танылған 13 жастағы сыған ұлтының баласы қарындасы мен тағы бір қызды үгіттеп, үшеуі қашып кеткен. Аналары оған дейін Арсенге ұрлық жасағаны үшін кейіген екен. Светлананың айтуынша, ол үш ай бұрын да қашып кетіп, қайта оралыпты. Қашқын бала кеткенімен қоймай, қалалық білім бөліміндегілерге «қамқоршым ұрып-соқты» деп арызданған.

Ағырыс Шағырова, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі: (11.12.2017 ж. ) 

Ұрлық жасағаны үшін Светлана Борисовна қол жұмсаған. Біз қазіргі таңда тексеріс жүргізіп, нәтижесінде шара қолданамыз.

Дегенмен тексеріс Светлананың ешқандай да кінәсі жоқтығын көрсетті. Ал, жала жапқыш бала қазір кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығында. Егер алдағы екі жарым ай шамасында  жасөспірімді қамқорлыққа алатын басқа отбасы табылмаса, ол  Алғадағы балалар үйіне жіберілмек... 

Түйгеніміз – бала асырап бағу оңай емес. Оны Светлана да мойындайды. Әйтсе де жетімнің балалар үйінде емес, отбасылық жылу көріп өскені дұрыстығын да есінен шығарған емес. Бұл үрдіс мемлекет үшін де тиімді.

Мира Нұрғалиева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы:

Қорғаншылықта 822 бала, патронаттық тәрбиеде 94 бала тіркелген. Және жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мемлекеттік мекемелерде 152 бала тәрбиеленуде. Былтырғы жылмен салыстырғанда жетімдер саны азаюда. Былтыр 1130 бала облыс бойынша тіркелген еді. Қазіргі кезде 1068 балаға азайып отыр.

Мемлекет қамқоршылықтағы әр балаға ай сайын 23 мың теңгеге жуық қаржы бөледі. Ал, бұл соманы Светланының жағдайында 13-ке көбейтсек, едәуір қаржы жиналады екен ғой, деп ойласаңыз, өз еркіңіз. Бірақ балалардың түгелге жуығы мектеп жасында екенін, оларды тоя тамақтандыру, ел қатарлы киіндіру қажеттігін де естен шығармаған абзал. Ең бастысы, мұнда балалар өздерін үлкен отбасының мүшесі ретінде сезінеді. Әрқайсысының өз арманы бар. Барлығы дерлік ата-аналары мен бауырларының бақытты болғанын қалайды, соған септессем, дейді.

Николай Тучин, тәрбиеленуші:

Мына жақта ағаммен, апалармен жақсы ойнаймын. Ұрмайды олар, мені. Анам, мамам жақсы. Ұрмайды. Папа да. Өскенде ата-анама жақсы істер істеймін. Көмектесемін. Үй салып беремін.

Сергей  Поддубняк, тәрбиеленуші:

Военный организацияға барамын. Либо аэропортта ұшқыш болам. Болашақта ата-аналарға көмектесем. Ақша берем. Сосын үлкен үй саламын. Заборды істеймін. Огородта көмектесемін.

Жақсыбек Кемал, Нұркен Жалмұхан «Біздің уақыт».