Негізгі / Жаңалықтар / Әр кәллада бір қиял. Жаңа жылды қарсы алу «айшықтары».

Әр кәллада бір қиял. Жаңа жылды қарсы алу «айшықтары».

Жаңа жылды бір сәттік даңғаза-дабырамен емес, ерекше атап өтетін адамдар бар. Балаларына өнеге көрсетіп. Табиғат аясында, шаңғы-коньки теуіп дегендей. Тоқтамай тыңқия тойып тамақ ішудің біртүрлі екенін және жаңа жыл уақыты басталғанда арман-тілектің бір сәтте орындалмайтынын білетіндер. Негізі, советтік кезден қалған – тілек тілеп, ішімдік ішіп, дастарқанды орын қалдырмай толтырып, одан бірнеше күн оны жеп тауыса алмау «дәстүрін» жағып жіберетін «битке толы тон» дер едім, әрине, әркімнің патша-көңілі шешеді. Жаңа жылға байланысты өз дәстүрі бар бірнеше кейіпкер туралы Әсемгүл Мұхитқызы әңгімелеп береді.

Павлодар тұрғыны Күмісай Асайынова жаңа жыл мерекесін өзгеше атап өтеді.  Биыл да дәл 31-ші желтоқсан, түнгі сағат 23.59-да ол, сіз бен біз сияқты дастарқан басында, теледидарға телміріп, «ғаламат дүниені» күтіп отырмайды. Өңірдегі спорт ардагерлерінің бастамасымен жылда ұйымдастырылатын «Мерекелік жүгіріске» қатысады.

Күмісай Асайынова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Жыл сайын үйдің ішінде, стол басында, осы теледидардың алдында отырмай, адамдармен былай кездесіп, тұрғындармен жақсы ғой. Бұл дәстүр бұқаралық болып кетсе деп қала ішінде. Тек қана спортқа қатысты адамдар немесе салауатты өмір салтын сүйетіндер ғана емес, барлығы, тұрғындар келіп, бізбен бірге қарсы алса.

Әуелгіде жыл басын табиғат аясында қарсы аламын деушілер небары 10 адам болған. Көбі спорт ардагері. Былтыр қатысушылар көбейіп, 50-ге жуықтаған. Спортшылар, мемлекеттік қызметшілер, журналистер, студенттер, тіпті  оқушылар да барыпты. Бұған әлеуметтік желіде жарияланған хабарламаның әсер еткенін айтады.

Күмісай Асайынова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Мен негізінде орысша айтқанда «суеверный» дейді ғой, ырымдарға сенетін адаммын. Қалай жаңа жылды қарсы алсаң, осы жылың солай өтеді дегенге. Егер де осындай жақсы көңіл-күйде, жүгіріп, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын дәріптеп осылай жүгіретін болсақ, бүкіл жылымыз осылай өтеді деген сенім бар.

Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, келген жыл солай өтеді,- дегенге иланатын жанның бірі шымкенттік Ақмарал Бөртебаева. 38 жастағы әйел түрлі астрологтардың жорамалын ақтарып үлгерген.  Сөйтіп, келер жылдың "иесі" - сары Ит болатын біліп, мерекелік әзірлікке кірісіп кетіпті. Айтуынша, 2018-ді алтын сары түстермен қарсы алу "маңызды".

Ақмарал Бөртебаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Ит шынжырды жақсы көрмейді. Сол үшін биыл жұлдызшылардың айтуынша, мойындағы шынжырды алып тастауымыз керек. Оның орнына орамалмен, шарфтармен, әдемі аксесуарлармен өзімді әшекелеуге тырысамын. Ит тоқшылық, молшылықты жақсы көреді ғой. Яғни етті жақсы көреді. Сол үшін дастарханымызға Жаңа жылда ет өнімдерін көп қоюға тырысамыз. Еттен неше түрлі тағамдар жасаймыз. Асымызда тек ет болады.

Кузиндер отбасы үшін Жаңа жылдың еш ерекшелігі жоқ. Отағасының сөзінше, бұл кеңестік дәуірден қалыптасқан мән-мағынасы, берер тәрбиесі жоқ мерекелердің бірі. Бірі емес-ау, бірегейі,- дейді ол. Бір түн үшін айлықтың жартысын, тіпті толық шашып, дастарқанды ас та,төк жайып, ащы суға сылқия тойып алу. Оның пікірінше, міне сол «ғажайып түннің» негізгі көрінісі осы, басқа мағына жоқ.

Юрий Кузин, Павлодар қаласының тұрғыны:

Мен Жаңа жылға ерекше мән беріп, соны әспеттеп жататындарды түсінбеймін. Адамдар несіне әбігерге салынатынын да ұқпаймын. Меніңше, бұл жай ғана дата. 17 болды, енді 18 келді дегендей. Ғажайып ештеңе емес. Шынымен де, Жаңа жыл мән-мағынасы жоқ мереке ғой. Кейбір мерекелер бар, мемлекеттік, діни не болмаса отбасылық. Ал, бұл жерде жай ғана бір күн екінші күнге ауысады. Басқа ештеңе жоқ. Оны тойлаудың не қажеті бар?! Түсінбеймін.

Бес балалы әкенің айтқанын отанасы да құптайды. Айтуынша, біздің уақытта бір сәттік даңғазаны емес, отбасылық құндылықтарды әспеттеу маңыздырақ. Болымсыз дүниеден пір жасап, белгісіз нәрсеге сенуден арылу керек,- дейді Светлана Кузина.

Светлана Кузина, Павлодар қаласының тұрғыны:

Жаңа жыл алдындағы қарбалас балалардың баратын үйірмелеріне байланысты басталады. Бірдеңе әкелу керек, қолдан жасау керек дегендей. Бірақ біз оны Жаңа жыл деп емес, шығармашылық ізденіс ретінде пайдаланамыз. Меніңше, осының өзі балаларға жеткілікті.31-ші желтоқсан күні пойызға отырып жолға шығып кетуіміз де мүмкін. Бір жылы шаңғы базасына демалуға бардық. Алайда, бұған Жаңа жылдың еш қатысы жоқ. Көңілдің қалауы солай болды.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Демек, әр шаңырақта, тіпті әр ұйым, елді-мекен мен қалада қауырт жұмыс басталған уақыт. Шырша орнату, оны сан түрлі ойыншықпен безендіру, бұрыш-бұрышқа самсаған шамдар ілу дегендей, толып жатқан шаруалар. Әйтеуір, бәріміз әбігерміз. Бірақ осымыз дұрыс па, бұрыс па дегенді ойланып көрдік пе?! Бәлкім, шынымен де, бәрін бір сәттік абыр-дабырға байламай, бірінші және соңғы кейіпкерлерден үлгі алуымыз қажет шығар?! Кім білсін...

Әсемгүл Мұхитқызы, Айзада Төребекқызы "Біздің Уақыт".