Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда туберкулез дерті дендеп барады

AstanaTV
22.12.2017ж. 20:00
3573
Қазақстанда туберкулез дерті дендеп барады

Елімізде туберкулез дерті өршіп тұр. Ресми деректерге сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы жартысында 3 мыңнан астам адам осы кеселді жұқтырған. Олардың ішінде ауруы асқынып, көз жұмғандар да бар. Бір ғана Батыс Қазақстан облысында тап осы өкпе құрты дертінен 16 адам дүние салыпты. Науқастарды емдеуде қиыншылықтар жоқ емес. Ауру жұқтырса да, емделуден бас тартып, ауруханадан қашып кететін тұрғындар баршылық. Бұл келеңсіздіктермен қалай күрессек болады? Оралдық әріптесім Еркін Карин осы мәселеге қатысты зерттеу жүргізуге тырысқан енді. Еркін, сөз кезегі өзіңізде.

Еркін Карин, тілші:

Иә, Оксана, Батыс Қазақстан облысында 500-ге тарта адам туберкулезге шалдығып, емделіп жатыр. Олардың 300-дейі ауруды биыл жұқтырыпты. Өкінішке қарай, уақытылы емделмей, ауруын асқындырып алатындар да бар.

Сағындық Жидебаев, хирург:

Әрі қарай дәрі-дәрмектің көмегі келмесе, бізге түседі. Күніне екі операциядан жасаймыз. Операциядан кейін, әрине, күтініп жүру керек. Операцияда біз зақымдалған жерді алып тастаймыз ғой. Туберкулез - инфекциялық ауру, микробтар қалады, қайтадан ауыруы мүмкін.

Бірақ науқастардың кейбірі осыны ескермейді. Емделу тегін екендігіне қарамастан, ауруханадан қашып кететіндері де бар. Ал олардың жәй жөтелгенінің өзі - айналадағыларға қауіпті.

Татьяна Новокрещенова, «Облыстық туберкулезге қарсы диспансері» ШЖҚ МКК директорының орынбасары:

Туберкулезді емдеу үшін көп уақыт керек. Бірақ кейбір науқастар осыған шыдамай, емделуден бас тартады. Тіпті қашып кетеді. Бүгінде осылай із-түзсіз кеткен 20 науқасқа іздеу салынды. Олар бостандықта жүрсе - өте қауіпті, айналасындағыларға ауру таратуы мүмкін. Туберкулез - ауамен тарайтын дерт. Жөтелген, түшкірген кезде науқас адамнан миллиондаған бактерия шашырайды.

Еркін Карин, тілші:

Ал полиция мұндай «қашқындарды» жыл соңына дейін табамыз деп сендіреді. Өйткені олар негізінен ішімдікке әуес келетін көрінеді. Екі-үш күн еркіндікте жүріп, қайта оралатындар да бар екен. Олар бұл әрекеті үшін заң алдында да жауап бермейді. Ауруын жасырғандар мен дерті асқынғандар туралы толығырақ сенбіде "Біздің уақыт" бағдарламасында айтатын боламыз. Оксана.

Рақмет. Айта кетейік, бізбен байланысқа шыққан оралдық әріптесім Еркін Карин болатын