Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда егіз сәбилерді өлтірген ата-анаға үкім шықты

AstanaTV
22.12.2017ж. 20:00
2246
Алматыда егіз сәбилерді өлтірген ата-анаға үкім шықты

Алматыда тоңазытқыштан өлі күйінде табылған сәбилердің өліміне қатысты іске нүкте қойылды. Ащы суға тойып алып бейкүнә балаларды ажалға итермелеген Алла Волченко мен Емиль Гильмутдиновке сот үкім кесті. Оларды алда қандай жаза күтіп тұр? Сот отырысына қатысып қайтқан тілшіміз Олжас Нұржақып баяндайды.

Ащы судың жетегінде өз сәбилерін өлімге қиған өзбекстан азаматы Емиль Гильмудтинов пен оның әйелі Алла Волченкоға үкім оқылды. Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екеуіне де қатаң жаза кесті. Әрі, оларды түрмеде мәжбүрлі түрде ішімдіктен емдеуді тағайындады.

Ерлан Болат, Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Сот Гильмутдинов Эмиль Салаватұлын Қылмыстық кодекстің 99 бабы 2 тармағына, 119 бабының 1 тармағына сай 20 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алла Волченко Қылмыстық кодекстің 28 бабы 5 тармағы, 99 баптың 2 тармағы және 119 баптың 1 тармағы бойынша 18 жыл темір тордың ар жағында жазасын өтесін.

Басты айыпталушы Емиль Гильмудтинов қатты ашу үстінде өз өзін ұстай алмай, балаларды өлтіргенін мойындады.

Айтуынша, сәбилер шулап, маза бермеген соң, оларды ажал құштырған. Ал егіздердің анасы Алла Волченко соттағы соңғы сөзінда, аман қалған ұлын қатты жақсы көретінін айтып, зар еңіреді. Өзін аналық құқығынан айырмауды соттан өтініп сұрады 

Алла Волченко, сотталушы:

Үлкен ұлым Равильден басқа еш жақыным қалмады. Жүрегім қан жылайды. Мен олардың күлкісін көру үшін үйге асығатынмын. Бірақ сәбилерімнен айырылып отырмын. Ешкімге мұндай жағдайды тілемеймін. Қандай шешім қабылдасаңыз да, ұлымнан айыра көрмеңізші.

Бірақ, судья Ерлан Болатұлы бұл өтінішті қанағаттандырмады. Үкім бойынша бүлдіршін қаладағы қамқоршылық органына берілетін болды.

Олжас Нұржақып, тілші:

Еске салайық, жаға ұстатарлық оқиға Алматыда қыркүйектің басында орын алған. Ерлі зайыпты екеу кішкентай егіз сәбилерді тұншықтырып өлтіріп, мәйтіттерін тоңазытқышқа жасырған болатын. Көршілердің дабыл қағуынан соң жедел іздестіру шаралары жүріп, қылмысты жасаған екеу сол күні-ақ қолға түскен. Енді олар қолымен істегенін мойнымен көтеріп, қылмыстары үшін тиісті жазасын алатын болады.

Олжас Нұржақып