Негізгі / Жаңалықтар / «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асуы кей өңірлерде кешеуілдеп жатыр

«Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асуы кей өңірлерде кешеуілдеп жатыр

«Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асуы кей өңірлерде кешеуілдеп жатыр. Оған жобалық-сметалық құжаттарды сапасыз әзірлеген әкімдік қызметкерлері кінәлі. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Мәжілістегі фракциясының кеңейтілген жиынында айтылды. Жергілікті атқарушы органдар, әсіресе қаражат бөлу мәселесінде олқылықтар жіберіп, мемлекеттік сатып алу конкурстарын мерзімінде өткізбей отырған көрінеді.

Инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр инфрақұрылымға жыл сайын 80 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Алайда жергілікті биліктің жобалық құжаттарды кешіктіруінен алдағы жылға тек 31 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілген. «Нұр Отан» партиясы Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева Елбасының қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға зор көңіл бөліп отырғанын айтты. Азаматтарды баспанамен қамтуды көздейтін бағдарламаларға бюджеттен жыл сайын қыруар қаражат бөлініп келеді. Осыған қарамастан, аймақтарда баспана кезегіне тұрғандар саны 2014 жылдан бері екі еседей артып отыр.