Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Доллар 340-350 теңге аралығында болады - Сарапшы

AstanaTV
02.08.2017ж. 20:00
2764
Доллар 340-350 теңге аралығында болады - Сарапшы

Доллар қымбаттады. Қазақстан қор биржасының мәліметінше, бүгін 1 АҚШ ақшасы 336 теңгеге жетті. Бірақ ақша айырбастау бекеттерінде көк қағаз 340 теңгеге сатылды. Сарапшылар теңгенің әлсіреуін АҚШ-тың Ресейге енгізген жаңа санкцияларымен байланыстырып отыр. Доллар қымбаттай бастаса, елең-алаң күй кешетін халық үшін мамандар қандай кеңес береді? Ал теңге тағы құнсыздануы мүмкін бе? Ришат Асқарбекұлы тарқатады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Осы апта қазақстандық қор нарығындағы ойыншылар үшін тынымсыз болып тұр. Соңғы күндері АҚШ ақшасы бірден 10 теңгеге, ал бүгін 5 теңге 80 тиынға шарықтады. Қазақстан қор биржасындағы күндізгі саудада доллар 336 теңге болып белгіленген. Осыған қарамастан, Алматы, Астана ақша айырбастау орындарында көк қағаз құны 340 теңгеге жетті.

Андрей Цалюк, Қазақстан қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары:

Негізгі факторлар, әрине, мұнайдың бағасы мен рубльдің АҚШ долларына байланысты курсының өзгеруі. Кешегі күнге дейін Брент мұнайы 53 доллардан асып, жақсы тенденция байқалған еді. Алайда, өткен түні ол тағы да төмен құлдырап, рубльдің жағдайы әлсіреді. КАSЕ-де күндізгі сессия жабылғанда 1 АҚШ доллары 336 теңгеден асты. Ары қарай қандай да бір болжам айту қиын. 

Доллармен бірге Еуроодақ валютасы да қымбаттап барады. Қазақстанда 1 еуроның құны бүгін 400 теңгеге жетті. Әлемдік ақпарат құралдары Америка Президент әкімшілігінде болып жатқан кадрлық тұрақсыздық пен Дональд Трамптың Ресейге қатысты экономикалық санкцияларға қол қоюын қызу талқыланып жатыр. Бұл да Ресей экономикасын құлдыратып, рубльдің бағамын сан құбылтып тұр. Көрші елдегі тұрақсыздық, әрине, Қазақстанды да айналып өтпесі белгілі.

Меруерт Махмұтова, экономист-сарапшы:

Өткен бейсенбіде Құрама Штаттарда өкілдер палатасы мен сенаторлар 100 пайыз дауыспен санкцияларды қолдады. Ол бойынша Ресей, Солтүстік Корея және Иранға санкция салды. Бұл Ресейге жолданатын инвестицияларға шектеу салып жатыр. Енді Ресей экономикасының жағдайы қалай болады, соны қарау керек. Экономикалық тәуелсіздікті қайтармай, Ресейдің орталық банкі мен Кремль саясатына байланып отырады.

Брент маркалы мұнайдың бағасы бүгін 52 АҚШ долларына тең. Осы жылдың отызыншы мамырынан бері кеше ең жоғары көрсеткішке жеткен. Айта кету керек, Қазақстан үкіметі 2017 жылдың соңына дейінгі мемлекеттік бюджетті нақтылау барысында АҚШ долларының курсы 330 теңге мен 360 теңге аралығында, ал мұнай барелінің бағасын 35 доллардан 50 долларға дейінгі дәлізді есепке алып бекіткен болатын. Ал АҚШ валютасының тұрақсыздығы жеке кәсіпкерлік секторға қалай әсер етіп жатыр?!

Қайрат Құдайберген, кәсіпкер:

Біз биылғы құрылыс салу үшін қажетті қондырғылар мен материалдарды сатып алып қойғанбыз. Сондықтан салынып жатқан баспаналарды, доллар қанша шарықтаса да, көтеріп жіберуге жол бермейміз. Бірақ екінші, үшінші сыныпты құрылыс нысандары үшін нысандардың ішкі әрлеу жұмыстары қымбатқа түседі. Сондықтан доллар ары қарай өссе, онда баға саясатын қайта қарауға тура келеді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ресейлік «Tele Trade Орталық Азия» консалтингтік компаниясының сарапшылары АҚШ долларының алдағы бағамына қатысты болжамдарын жария еткен еді. Қаржыгерлер ЭКСПО көрмесі аяқталған соң, доллардың құны 420-450 теңгеге дейін шарықтап, елдегі банктердің шығынын жабуға қадам жасалады деп мәлімдеген. Бірақ отандық қаржы мамандары мұнымен келіспейді. Олар доллардың 340-350 теңге аралығында құбылатынын болжап отыр. Қолында қомақты қаражаты бар азаматтар үшін қаржыны әртүрлі валютада бөліп сақтаған дұрыс. Қазір еуроның бәсі жоғары, сондықтан мамандар, осы валютаға да сенім артуға болады деп, кеңес береді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ