Негізгі / Жаңалықтар / Нағыз тәуелсіздік – тіл тәуелсіздігі! Латын қарпіне көшу.

Нағыз тәуелсіздік – тіл тәуелсіздігі! Латын қарпіне көшу.

Журналистермен жыл соңындағы жүздесуінде Президент «нағыз тәуелсіздік – тілдің тәуелсіздігі. Оның ар жағында жатқан астары сол», деді, латын әліпбиіне көшуге тоқталғанда. Бұл расында, басты фактор. Маңызды фактор. Жанасатын тақырып – мектептерде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде үйретуге байланысты біздің пайымды тағы айтып кетемін. Қайталаудан жалықпаймыз – ағылшын тілін меңгеру, ағылшынша білім алудың өте-мөте маңызды екеніне титтей де күмәніміз жоқ. Бірақ біз оны шын мәнінде үйренбесек, «құмда қалған кеменің» ішінде «жүзіп келеміз» деп жүре береміз ғой...

Латын қарпіне көшу шешімі, одан бергі пікірталас туралы Ришат Асқарбекұлының материалы.

Президент биыл 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауға пәрмен берді. Ол:  біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілікпен, байыппен қарап келдік. Енді кірісуіміз керек,- деді.

Алғашқыда қазақ тілін латын қарпіне негіздеген 100-ден астам нұсқа түскен. Күзде демалыстан оралған Парламент жаңа латын әліпбиінің 25 таңба пен 8 диграфтан тұратын нұсқасы бойынша тыңдау өткізіп, халықтың талқысына ұсынды. Ал қазан айында Елбасының жарлығымен 32 таңбалы, апострофқа негізделген нұсқа бекітілді. Бірақ жоба авторлары бұл жазба да ақырғы еместігін ескертті.

Қазір әліпбиді ауыстыруға байланысты пікір қайшылықтары біршама басылғаны байқалады. Мұны елді аузына қарата алатын сарапшылар да, Елбасының өзі де айтып отыр. Яғни қоғамда консенсус пайда болды.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Латын қарпіне көшудің қажетін қоғам да, біздің қоғамның ішіндегі жетекші топтар да бәрі түсінген сияқты. Оның қажетігін керектігін жұрт түсініп болды. Оған қарсы дау айтып жатқан меніңше, ешкім жоқ. Елдің ішінде бұл туралы ұлттық консенсус пайда болды.

Елімізде кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде латын таңбаларын таниды. Бірақ мәселе мұнда емес, дейді ғалымдар. Ең бірінші - тіл тазалығы. Қазақ тіліндегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғатын сақтауға мүмкіндік алып отырмыз, бұл бір. Екіншіден, ана тіліміз латын әліпбиіне көшу арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне жол тартады деп сенейік, дейді мамандар.

Байынқол Қалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор: 

Кез келген ұлттың алфавиті, бірінші кезекте, жас балаларға үйрету оңай болу керек, сол жағын қарастыру керек. Екінші, шет елден келген азаматтарға қазақ тілін үйрету үшін қолайлы болу керек. Сосын, жазуға, оқуға ыңғайлы болу керек. Оңай жағын қарастыруымыз керек. Бірақ, қалай осыған көштік, енді ағылшын тілін тез үйреніп кетеміз деген болмайды. Ағылшын тілін өзің оқыдың ғой, білесің, ол жерде А деп жазады, ешқашан а деп айтпайды. Не е-ні айтады, не и-ді айтады. Сондықтан сәйкес келмейтін жерлері болады, бірақ қарапайым халыққа ағылшын тілінің сөздерін оқу оңайлайтынына сөз жоқ.

Әлем халықтарының басым бөлігі латын әрпін қолданып отыр. Деректерге сүйенсек, жер жаһандағы адам баласының 3/2-і аталған әріпті пайдаланады. Бірақ қазақ қоғамында жазуға оңай, тілдік ерекшеліктеріміз ескерілді делінген соңғы нұсқаға қатысты ішінара айтыс бар.

Айдос Сарым, саясаттанушы: 

Енді өткенде кішкентай ғана шағын топтың ғана пікірі болмаса, ашық хаты, қалған мысалы бүкіл енді мен білетін тіл ғалымдарының бәрі апострофқа қарсы. Барлығы да бұның қажеті жоқ деп отыр. Мен білетін интернет мамандарының бәрі айтып отыр. Мінеки, апостроф деген интернет заманына, іздегіштерге, басқалаға теріс әсерін тигізеді. Нақты ақпараттың табылуына, ізделуіне зиянын тигізеді дегенді ашық айтып отыр. Осының бәрін, биліктің көрмеуі, байқамауы мүмкін емес. Көріп те, байқап та отыр.

Президент жарлығымен бекітілген нұсқаны пайдаланып, кітап басып шығарған баспагерлер де табылды. Алматыда жақында латын қарпінде терілген алғашқы кітаптың тұсауы кесілген еді. Ол бастапқыда орысша жазылып, сосын қазақшаға тәржімәланыпты. Оқуға жеңіл болғанымен, жазуға келгенде қиындық барын тұсаукесерге қатысқандар айтып жатты.

Мұрат Әбенов, қоғам белсендісі: 

Кейбір нәрселеріне келіспеймін. Мен, жаңа технологияны көп пайдаланамын. Мысалы,  апострофтарды пайдалану өте қиын. Хэштег жазуга, мысалы googlе-ға салуға. Дегенмен де, енді оны қалай жазбай кітап шығармай немесе жазып көрмей қалай өз пікірімізді айтамыз? Сол себептен осындай осындай кітаптар шыққаны дұрыс. Енді бұл мемлекеттің қаржысына емес, жеке адамдардың қаржысымен шығып жатыр. Көрсін шығарып, оқып көрейік, ұстап көрейік, жазып көрейік.

Любовь Говорюхина, кітаптың авторы:

Мұнда әңгімелер қысқаша жазылған.  Жолаушы сапар барысында оқып тастайтын кітап. Ең бастысы - оны латын тілінде оқып, көзін үйретіп шығады. Мен мұны темір жол жолаушыларына арнап жаздым. Жолаушылардың жол үстіндегі кездейсоқ таныстығы, бір-біріне деген сүйіспеншілігі  қазақша, бірақ латын әрпімен суреттеледі.

Латын әрпіне көшу арқылы қазіргі заманғы технологиялар, коммуникациялар, ғылым мен білім беру процестерін терең ұғып, ең қажетін қабылдауға мүмкіндік артады деген пікір бар. Бірақ осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз ба?- деген сұраққа біржақты жауап беру қиын. Жауаптан сұрақ көп. Мемлекет басшысы да соңғы телевизиялық сұқбатында сенімсіздікті «нақты іске көшу» арқылы жеңейік деген ишара танытты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: (23.12.2017ж.)

Бұл мәселені неге? қалай? деген сұрақтарды қойып, іске кірісу керек. Енгізуге барлығымыз келістік қой енді. Консенсус бар бұл жөнінде. Халықтың көпшілігі, 95% көбісі деп айтсам да болады, қолдады. Басқалардың ішінде жатқан қаупі бар "кириллица" қалай болады деп? Сондықтан бұны айта бергенше, жауабын бере бергенше бәріміз кірісуіміз керек. Мен  "Егемен Қазақстанға", қазақ тілді басылымдарға бір-бір столбиктен болса да жаза беріңдер,  шетінен,  сол тілмен, ел оқи берсін, дедім.

Президент осы сұқбатында «дәйекше» дұрыс па, бұрыс па?- деген сияқты пікірталас барын білемін. Меніңше, әліпби компьютерлік үлгіге сәйкес келуі тиіс, сондықтан қазіргі нұсқаны дұрысы деп есептеймін», депті. 

Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы:

Жазуды ауыстыру ол оңай емес. Негізі бұл мәселеде журналистер, саясаткерлер емес, нағыз тіл мамандарының пікірін ескере отырып, ел болып үлкен шешімге келуіміз керек. Бұл енді іске асыру жағы. Ен бастысы-саяси шешім қабылданды. Бұл тәуелсіз еліміздің өз пкірінің болғанының айғағы.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ахмет Байтұрсыновша  айтқанда, «Ел бүгіншіл, ал менікі-ертең үшін», деп ойлайтын мамандар пікірін тыңдадық.  Өтіп бара жатқан жылы ең қызу талқыланған тақырыптың бірі - латын әліпбиі екені даусыз.  Қызыл кеңірдек айтыстың өзі «қазір бәрінен де ертең зардап шекпейтіндей нұқсасына тоқтайық» дегеннен туады. Ал жалпы тіл тәуелсіздігі үшін латын алфавитіне көшу керектігін ел түсінеді.

 Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».