Негізгі / Жаңалықтар / Параллельдер. Селт еткізген, селк еткізген оқиғаларға байланысты фотошоперлер.

Параллельдер. Селт еткізген, селк еткізген оқиғаларға байланысты фотошоперлер.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «елімізде инфляция болатыны – тұрғындар бағаның өскенін күтеді, содан» деп, тұрғындарды күлкіге қарқ қылды. Қазір адамдар күліп ғана қоймайды, «объектінің» өзін күлдіреді. Немесе күңкілдетеді. Бас банкирдің пайымын ести сала кейбір азаматтар мына секілді мемдер жариялады – тақырыптқа байланысты слайд.   

2017 жылы селт еткізген, селк еткізген оқиғаларға орай жарияланған мемдер мен фотошоперлердің бірқатарына Мөлдір Бақытқызы тоқталады.

Мөлдір Бақытқызы:

Жылдың топ-тақырыбы «Экспо-2017» екені даусыз. Талисман қуыршақтарымен қоса. Әсіресе, күн энергиясының символы Сәулені сөз қылмаған «юзерлер» кемде кем.  Кескін-келбетін келеке қылып жүргенде, бір күні  «Бәйтеректің» маңынан сұлбасы  жоғалып кетті. Бұлай деп, белгілі экономист-блогер Рахым Ошақбаевтың өзі жар салды.Осы оқиғадан соң, сары қыздың атағы  «Фейсбукті» жарды. Сөйтсек,  қуыршақты әрлеп-әдемілеуге алып кеткен. Сәулеміз бірер аптадан соң, сүп-сүйкімді  болып қайта оралды. Қаланың әр жеріне жайғасқан бой тұмарды көргенде, осы «операция» еріксіз еске түседі.

Биылдан бастап күшіне енген «Уақытша тіркеу туралы заң» тұрғындардың «екі аяғын бір етікке тықты» деуге болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «қырғын» кезек болғаны сонша,  Алматыда үш сағат тосып, жүрек талмасынан адам қаза болды.  Бұған қатысты «Дәл осылай сәтті жағдайда, өз үйінде де өліп кетуі мүмкін» деп пікір білдірген депутат Аманжан Жамалов, «сәтті депутат» деген лақап атты иеленді. Ақыры, халықтан кешірім сұрап, құтылды.  Қазнет қойсын ба. Жо-жоқ. Заң талабы мекен -жайын ауыстырған адам 10 күн ішінде, жаңа мекенге тіркеуге тұрып үлгеруі керек дейді.  Бір айда тұрмаса, ескерту беріледі. Екінші айда 10 айлық есептік көрсетікш көлемінде айыппұл төлейді. Осы айыппұл ғой, жұрттың «жанын» алған.

Атышулы Әбу-Даби плаза да біраз адамның «түн ұйқысын төрт бөлді». Ресми ақпаратқа сай, бұл тұста да ұтылған жоқпыз. Алып құрылыс алаңында қазақтарға 2000 жаңа жұмысы орыны ашылады деді. Шу шығырған 61 шет елдік еліне қуылды. Бір назар аударатын деталь, Астана әкімі Әсет Исекешовтің ушығып тұрған жағдайға жетіп келіп, араласуы. Бұғып қалмады, тілі жетпесе де «тіл табуға» тырысты. Лайықты.

Көрші қырғыздармен арада ши шыға жаздады. Экс-президент Алмазбек Атамбаев ойда жоқта «жаға ұстатты». Иә, түрлі долбарлар бар. Бірі таза нарықтық мотив, Қырғыстаннан Қазақстанға келетін қытайлық контарбанда жолы қиылған соң, көрші елдің «айбат» шегуі десе, кейбірі теріскей «қолтығына су бүркіп» отыр деді. Ал желіде «пернетақталар соғысы» басталып кетті. Әлбетте, әркім өз еліне болысады. Өткен-кеткенді түгел қопарып, Кеңесары ханның сүйегін түгендеуге де кірісті. Әйтсе де «ит үреді керуен көшеді» - бауырлас елдердің ара-қатынасына сызат түспейді. Осы аптада су жаңа Президент Сауранбай Жиенбеков Астанаға келіп кетті.  Тек екі ортада, қырғыздар қазақ үкіметі  гуманитралық көмек ретінде берген 100 млн доллардан бас тартты. Ол соманы біздің Қаржы министрлігі демде, бюджет тапшылығын жоюға жұмсайтын болып шешті. Биыл тапшылық 1 трлн теңгені құрайды. Олжалы болдық па, қалай өзі?

«Балақтағы үтір басқа шықты». Латын әліпбиінің соңғы нұсқасын Серік Аббас шах осылай деп сипаттайды. Мұқтар Тайжан: «Апострофпен жасалынған латын әліпбиі - қазақ тіліне нағыз қастандық! Бұндай латын әліпби бізге қажет емес!» Ал еліміздің бас туиттершісі, һәм Сенат төрағасы Kassym-Jomart Tokayev‏: Ұлттық комиссия қазақ тілі латын әліпбиі бойынша нақты шешімге келген жоқ, сондықтан "апостроф" әліпбиін газеттерде, иә басқа жерлерде пайданалуға әлі ерте,- деді. Осылайша латынға көшу, интернетте қып-қызыл пікірталасқа тап болды.  Латынша «Сәбізді»  кирилицаға салып, бейәдеп мағынада  түсінген «Форбстың» өзі тақырып етіп қойды. Президент болса, ағылшынның қосарланған әріптермен жазылатын «мектеп», «боинг» сөздерін мысалға келтіріп, желі қолданушыларына басу айтты.

Ал, Бауыржан Байбек Алматыны мақтаймын деп «аузы күйді».  Әлемдік бір рейтингке сүйеніп, алып шаһар өмір сүруге ең қолайлы аумақ дей келе, мұнда шет елдік туристер 500 теңгеге түстене алады демесі бар ма?! Реакция көп күттірмеді. Бұрқ ете қалды. Әкім сөзін пайдаланып, ат та, ақша да жасағандар табыла кетті. «Байбектен боламын» деген құпия сөзді айтса, кез келген қонақ 500 теңгеге түстенеді деп, мейрамханалар марикетингке көшті. Бір кездері суды үнемдеу туралы, елге «ақыл айтып» желіні жарған Алматы әкімінің әрбір сөзін жұрт қалт жібермей «аңдып» отыратыны  жасырын емес...