Негізгі / Жаңалықтар / Қарлы боранның елдің бірқатар аймақтарында бүгін төтенше жағдай жарияланды

Қарлы боранның елдің бірқатар аймақтарында бүгін төтенше жағдай жарияланды

Қарлы боранның салдарынан Астанада төтенше жағдай жарияланды. Ақ түтекке байланысты барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды. Назарбаев атындағы халықаралық әуежайы жұмысын тоқтатты. Ал төтенше жағдайлар қызметінің «112» нөміріне 3 мыңнан аса адам көмек сұрап қоңырау шалған. Мектептер мен колледждерде сабақтар тоқтатылды. Алдағы күндері Елордадағы ауа райы қандай болмақ? Төтенше жағдайды елордалықтар қалай бастан кешіріп жатыр? Диана Сапарқызы баяндайды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Астана ақ түтек боранның құрсауында қалды. Қар араласқан екпінді жел жаяу жүргіншілерді қаңбақтай ұшырып жатты. Бірнеше тұрғын үйлер мен биік  ғимараттардың қасбеттері мен шатырлары да жерге құлап, елдің зәре-құтын алды.

Мұндай боранды көптен бері көрмеген едік. Шатырлар маған құлап кете ме деп қорықтым. Қатты жел өзімді ұшырып әкете жаздады. Қаланың бір шетінен екінші шетіне жету мұң болды.

Суық болды. Енді не істейміз, бұл алланың бергені. Сынағы.

Аграрлық университтің 600 шаршы метрдей шатыры қатты желден ұшып кеткен.

Ауа райының тосын сыйы оқушыларды да біраз әбігерге салды. Бүгін таңғы сағат 5 -тер шамасында Жағалау ықшам ауданында 2 сынып оқушысы сабаққа барамын деп үйден шығып, боранда қалған. Абырой болғанда, адасып жүрген баланы Камаз жүргізушісі тауып алған. Қазір үйіне қайтарылды. Артынша мектептерде жаппай сабақ болмайтыны туралы хабарлама тарады. Білім басқармасы өкілінің айтуынша, алдағы күндері таңғы сағат алтылар шамасында алдын ала сабақтын болатыны не болмайтыны ата-аналарға хабарланып отырады.

Мәдина Сүлейменова, Астана қаласы білім басқармасының бөлім басшысы: 

-25 градустан -35 градусқа дейінгі аралықта, яғни желдің бағыты 2 м/с-тан 9 м/с-қа дейін көтерілген жағдайларда, біз 0-ші сыныптан 11-ші сыныпқа дейін, және 1-2 курс студенттері үшін сбақты тоқтата аламыз.

Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, елдің  5 аймағында жолдар жабылған. Әсіресе, Астана мен Қарағанды облысында барлық бағыттағы күрежолдар бойынша қозғалыс тоқтады. Күшті боран басталғалы төтенше жағдайлар қызметіне Астана бойынша 2-мыңнан аса тұрғын қоңырау шалған. Ал Ақмола облысы бойынша 100-ге тарта адам ақпарат алу үшін хабарласқан. Төтенше жағдайлар қызметі өкілінің хабарлауынша, зардап шеккендер жоқ.

Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:

Қарағанды, Ақмола облыстарында құтқару шаралары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта қатты дауыл күтіледі. Барлық аймақтарға ескерту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Еліміздің солтүстік, шығыс аймақтарында, Ақмола, Қарағанды облыстарында қалың қар жауады деп күтіліп отыр. Ұйтқып соққан қатты желде адамдарды сақ болуға шақырамыз.

Ал коммуналдық қызмет күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшті. Қатты бораннан Астана көшелерінде үйілген қарды тазалауға 1000-нан аса техника шықты. Былтыр елордада 5 млн текше метрден аса қар сыртқа тасылған. Биыл қыс басталғалы 1 млн текше метрден аса қар шығарылды,- дейді тазалыққа жауапты компания өкілі. Қар тазалау жұмыстары тәулік бойы екі ауысым бойынша жалғасады. 

Алтын Нұржумина, «Астана тазалық» ЖШС өкілі:

1500-2000-ға дейін барады техника. Кешегі суткада 35 мың текше метр қар шығарылды. Қолмен жинайтын жұмыстарға 2 мың адам жұмылдырылды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Ал Қазгирометтің хабарлауынша, еліміздің басым аймақтарында қар жауады. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде боран соғып, күшті жел тұрады деп күтілуде. 13 қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасының айтарлықтай төмендеп, қытымыр аяздың келуі болжанып отыр.