Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Парамен ұсталған «Қазавтожол» филиалының бұрынғы басшысы өз кінәсін толық мойындап отыр

AstanaTV
04.08.2017ж. 20:00
2788
Парамен ұсталған «Қазавтожол» филиалының бұрынғы басшысы өз кінәсін толық мойындап отыр

Парамен ұсталған «Қазавтожол» филиалының бұрынғы басшысы өз кінәсін толық мойындап отыр. Қызылжарда Асқар Жанкиннің ісі бойынша сот отырысы басталды. Экс-директор ақпан айында пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын. «Қазавтожолдың» бұрынғы басшысы сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, мердігерлік компанияның теріс әрекетін жасырғаны үшін айыпталып отыр. Тергеу материалдарына сүйенсек, Петропавл маңайында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған республикалық маңызы бар тас жолында «К-Дорстрой» кәсіпорны «У Ксюши» дәмханасының қасында эстакада мен демалысқа арналған жабынды салуы тиіс болатын. Алайда, құрылысшылар бұл міндетін атқарған жоқ. Асқар Жанкин мердігерлердің бейқамдығын сынамай, есесіне оларды 2 миллион теңге үшін қорғаса керек. Тіпті тындырылмаған жұмысты жасырудың амалын да тапқан көрінеді.

Рауан Бостанов, Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім басшысы:

Экстакаданың жоқтығына байланысты мердігер «Қазавтожолдың» филиалына хатпен жүгінген. Хатта 2016 жылдың 3 желтоқсанында белгісіз біреулер эстакаданы сындырды делінген. Нысан әлі кепілдікте болған соң, қалпына келтіру жұмыстары 2017 жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілер еді. Ал филиал сәйкесінше «К-Дорстрой» АҚ-на істен шыққан эстакаданы алып тастау жөнінде хат жіберді.

Асқар Жанкинмен қатар делдалдық қызметті атқарған «Қазавтожол» филиалының техникалық директоры мен мердігерлік компания басшысының бірінші орынбасары да ұсталды. Соңғысына қатысты сот процесі аяқталған болатын. Алайда, ол пара бергені үшін 60 миллион теңге айыппұл төлеп, қайтадан бостандыққа шықты. Ал «Қазавтожол» бөлімшесінің экс-басшысы өз кінәсін толық мойындап отыр. Ол сот отырысын тезірек өткізуді өтінген. Айта кету керек, 54 жастағы Павлодар облысының тумасы мемлекеттік компанияны 2013 жылдан бастап басқарған.