Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Сирияда өтіп жатқан бейбіт конференцияға оппозиция өкілдерінің басым көпшілігі келмей қалды

AstanaTV
30.01.2018ж. 20:00
2326
Сирияда өтіп жатқан бейбіт конференцияға оппозиция өкілдерінің басым көпшілігі келмей қалды

Сирия бойынша өтіп жатқан бейбіт конференцияға оппозиция өкілдерінің көпшілігі келмей қалды. Бұл туралы Рейтерс хабарлайды. Бүгін Сочиде Сирия ұлттық диалогының Конгресі ресми түрде жұмысын бастады. Оны Ресей президентінің Сирия бойынша арнаулы өкілі Александр Лаврентьев ашты. Ал, елдің сыртқы істер министрі Лавров президент Владимир Путиннің мәлімдемесін оқып берді. Ресей басшысы өз сөзінде Сочи Конгресінің Сирия жерінде бейбітшілік орнатуға жасалған нақты қадам екенін айтқан. "Форум 7 жылға созылған қарулы қақтығыстардан әбден қажыған халықты біріктіреді деп үміттенемін" делінген жеделхатта. Сергей Лавров сондай-ақ жиынды өткізуге атсалысқан мемлекеттерге алғыс білдірді.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

Иран, Түркия және БҰҰ-ндағы әріптестеріме форумға дайындық барысында жасаған белсенді жұмыстары үшін алғыс айтамын. Жұмыла істелген шаралардың нәтижесінде этникалық топтардың өкілдері бүгін осында отыр. 

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сай, жиынға 1,5 мыңнан астам делегат келген. Оның 107-сі - ішкі оппозиция өкілдері. Ұлттық диалог конгресіне Сирияның басты оппозициясы бойкот жариялағанын әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Сондай-ақ сириялық күрдтердің өкілдері де қатысудан бас тартты. Олар Түркияның Афринде жүргізіп жатқан әскери операциясына Ресей жауапты деп санайды. Ал "Интерфакс" қарулы қақтығыс аймағында қалған африндық күрдтердің келіссөздерге тіпті шақырылмай қалғанын хабарлаған. Бүгінгі жиында талқыланатын басты мәселе - Сирияның жаңа Конституциясын жазу. Мұнан бөлек, жергілікті халықтың болашағын сыртқы күштердің қысымынсыз сайлау өткізу арқылы айқындау жайы да сөз болады деп жоспарланған.

Луай Хуссейн, мемлекеттік оппозициялық партия хатшысы:

Сочиге келгендегі мақсатымыз - Женеваның орнына жаңа саяси бағыттың құрылуын қолдау болып табылады. Сирия конституциясын жасақтау толықтай осы ел азаматтарының қолында болуы тиіс. 

Сирия ұлттық диалогы Конгресіне қатысушылардың алды Сочиге кеше жинала бастаған. Арасында  БҰҰ Бас хатшысының Сирия мәселелері жөніндегі арнайы елшісі Стаффан де Мистура бастаған делегация да бар.  Жиынға кепіл мемлекеттер - Түркия, Иран және Ресейдің өкілдері де қатысып жатыр. Қазақстан, Египет, Иордания, Ирак, Ливан мен Сауд Арабиясы байқаушы ретінде келген. Форумның басты мақсаты - Сириядағы жағдайды реттеу.