$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті

27.04.2026ж. 17:21
Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Фото: Алматы қалалық полиция департаменті

Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, криминогендік ахуалды тұрақтандыру және құқықтық тәртіп деңгейін арттыру мақсатында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.

Алматы қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, негізгі міндет – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолдардағы тәртіпті күшейту.

- Әрбір қызметкер заң талаптарын қатаң сақтай отырып, кәсіби деңгейде қызмет атқаруы және азаматтарға құрметпен қарауы тиіс. «Заң және тәртіп» қағидаты тек ұран ретінде емес, күнделікті жұмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы қажет, – деді ол.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, көшедегі қылмыстың жолын кесуге, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.