Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында ауыл шаруашылығы саласына басымдық берудің маңызы зор

AstanaTV
31.01.2018ж. 20:00
3499
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында ауыл шаруашылығы саласына басымдық берудің маңызы зор

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласына басымдық берудің маңызы зор. Қостанай облысында бірқатар игі істер қолға алынды. Астықты өлке агроөнеркәсіп кешенінде озық технологиялар енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырушы аймақ ретінде белгіленді. Инновацияға негізделген игі жаңашылдықтар тағы қандай облыстарда қолға алынды? Бұл туралы тілшілеріміз айтуға әзір.. 

Заңғар Санай, тілші:

Қостанай облысында 700-ге жуық кәсіпорын цифрландыру элементтерін қолданады. Олар - егіс алқабының жағдайын жер серіктік мониторинг арқылы қадағалап, ауыл шаруашылығы техникасының бағытын бақылап, жанармай деңгейін көрсететін құрылғылар пайдаланады.Төрт түлікті чиптеу шараларын жүргізіп, мал ұрлығының алдын алып отыр. Агрокешенді цифрландыру еңбек өнімділігін еселеп, шығынды  азайтуға мүмкіндік береді. Тың технологияны меңгеру үшін субсидия бөлу қарастырылып  жатыр, - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Мұхтар Мұсабаев, Қостанай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

Кәспорын жаға технолоигияларды енгізеді, құрылғыларды арнайы сатып алады. Соның құнының 50 пайызын мемлекет қайтарып беруге, осы жағынан ұсыныс жібердік ресми түрде министрілікке. Қазір қарастырылып жатыр.

Тобыл өңірі топырақ ылғалдылығы мен құнарын анықтайтын көшпелі зертханалар жұмысын жетілдіруді, төрт-түліктің жай-күйінен хабардар етіп отыратын электронды штрих-кодтарды жаппай енгізуді жоспарлап отыр. Ал жаңа технологиялардың тілін жетік меңгерген мамандарды даярлау мақсатында Қостанай мемлекеттік университеті жанынан  агротехнологиялық хаб құрылады.

Заңғар Санай, тілші:

Бұл бастамаға Азиялық даму банкі 112 млн теңге бөлгелі отыр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мемлекеттік қызмет түрлерін де барынша жеңілдетпек. Енді ауыл шараушылығына бөлінетін  субсидиялардың  төртеуін автоматтандырылған жүйе бойынша рәсімдеуге болады. Агроөнеркәсіп саласындағы жаңашылдықтар оңтүстікте қалай орындалып жатыр? Бұл тарулы әріптесім айтуға дайын. Айзада, сөз кезегі өзіңізде. 

Иә, Заңғар! Оңтүстікте агроөнеркәсіп кешеніндегі «ақылды технологияларды» қолдану қарқын алып келеді. Жаңа технология әсіресе жылыжайларда көптеп енгізілген. Өңірдің көкөніс өсірушілері соңғы үш-төрт жылда автоматтандырылған жүйені қолдануға басымдық бере бастапты. 

Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, аймақта 1325 гектар жылыжай бар. Соның 70 гектары өнеркәсіптік жылыжай, яғни әлемдік стандартқа сәйкес жұмыс істейді. Нәтижесінде өнімділік екі есе ұлғайды ,-дейді мамандар. Мәселен, біз барған аумағы үш гектар болатын мына жылыжай голландиялық технологиямен жабдықталған. Өткен жылы бұл жерден 750 тонна қияр мен 420 тоннадай қызанақ алыныпты. Бәрі озық технологияның нәтижесі.

Мұрат Гелашвили,  «Қазагроном» ЖШС бас директоры:

Бұл жүйе автоматтандырылған. Бірінші кезекте газды, жарық пен суды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Өнімділікті арттыруда да тиімді болып тұр. Былтыр бірінші  маусымда 1 шаршы метрден 37 келі қияр алсақ, екінші айналымда 17 келі қызанақ  алдық. Бұл өте жоғары көрсеткіш.

Жылыжай компьютер арқылы басқарылады. Адам күші көп қажет емес. Нысанда шамамен он адам істейтін жұмысты бір адам атқарып отыр. «Ақылды суару» әдісін автоматты түрде жасайды.Тыңайтқыш беру, кешенді жылыту секілді қажеттілікті компютер реттейді.

Мұрат Гелашвили «Қазагроном» ЖШС бас директоры:

Ауа температурасын да өзі реттеп отырады. Қажет болғанда желдеткіштер ашыла қояды, перделер де керек кезінде ашылып жабылады. Мәселен, күн суытса, газды көбейтіп, жылыса,  азайтып тұрады. 

Жылыжай 2015 жылы жұмысын бастаған. Жаңа жүйені де сол кезде қолданысқа енгізген. Ақылды технологияның нәтижесінде айына орта есеппен 500-700 мың теңге көлемінде қаражат үнемделіп отыр.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Жылыжайлардың саны артқанмен, маман тапшылығы сезілуде. Серіктестік иелері агрономдарды оқытудан бөлек, шетелдік қондырғылардың тілін білетін азаматтарды өз елімізде оқытса дейді. Яғни техникалық қызмет көрсетушілер жоқтың қасы. Қазір теріскейдегі ахуалмен танысатын боламыз. Сөз кезегін петропавлдық әріптесім Абзал Құрманкинге беремін. Абзал.

Абзал Құрманкин, тілші:

Иа, Айзада, Елбасы ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасының драйверіне айналуы тиіс деп, тапсырма берген болатын. Аграрлы бағыт елді ілгері жетелеу үшін, салаға жаңа көзқараспен қарайтын мамандар қажет. Жоғары оқу орындары жастарды жаңа жүйемен даярлау керек деген міндет қойылып отыр. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы кафедрасында 240 студент білім алуда. Оқу орны Қытай, Германия, Ресей мен Литваның маңдай алды университеттерімен қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасуды жолға қойған. Нәтижесінде топырақты терең зерттеуден өткізетін жаңа зертхана ашылмақ. Тың кешен жерге күрделі сараптама жасап, оның органикалық құрамын білуге мүмкіндік береді.

Жақсылық Ғалиев, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:

Топырақтың құнарлығын білгенде, оған айталық органикалық, минералды тыңайтқытарды қалай енгізуге болады, оларды қалайша пайдалануға болады, әрбір дақылдың талабына сай, осы жұмыстарды жүргізсек, міндетті түрде жақсы болар еді. Бүгінгі күні біздер гектардан дәнді дақылдардың 16-17 центнерін алып отырсақ, келешекте 30-35 центнер, оны екі есеге асыруға болады.

Өңірде ауыл шаруашылығы кадрларының тапшылығы байқалуда. Кафедра жыл сайын 60  маман даярлайды. Осы саланы меңгеріп жүрген 200-ден астам студенттің басым бөлігі оқу гранты арқылы тегін білім алып жүр. Жас мамандар өзге салаға бет бұрмас үшін, университет ерекше сайыстар өткізіп, олардың ынтасын арттырып отырады.

Ағжан Данаева, студент:

Биылғы жылы осы конкурсқа қатыстым. Онда бізге қойылған талап - малды ұстап, оны өлшеу болатын. Сол кезде менің барлық қорқынышым сейілді десек те болады. Оны көріп, ұстап көргеннен кейін менің осы мамандыққа деген қызығушылығым арта бастады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Елбасы алдағы 5 жылдың ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыруды және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге өсіруді міндеттеді. Оқу жүйесіне тың зертханалардың енгізілуі, аграрлы бағыттың цифрландырылуы - бұның барлығы ауыл шаруашылығы саласының өрге домалауына мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Абзал Құрманкин, Заңғар Санай, Айзада Төребекқызы