Қостанайда елдің жаңа Конституциясын ілгерілетуге арналған сарапшылар алаңы өтті. Жиынға Парламент депутаттары, ғалымдар мен қоғам белсенділері жиналып, Негізгі заңның халықты ұйыстырудағы рөлін саралады. Қатысушылар реформаланған Ата Заңды мемлекеттің мыңжылдық тарихы мен ұлттық құндылықтарының тоғысқан белесі деп бағалады.
Басқосудың мақсаты - Конституцияның әрбір тармағын бұқараға қарапайым әрі ұғынықты тілде түсіндіру. Қостанайлық сарапшылар құжаттың практикалық маңызына, әсіресе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктеріне баса назар аударды. Мемлекеттілікті нығайтудың кепіліне айналған қағидаттар кеңінен талқыланды.
ӘСЕЛ ҚҰЛМАҒАМБЕТ, ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САЯСИ ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біз ойлаймыз бүгінгі іс-шарада осы сұрақтар дискуссия түрінде, пікір-талас түрінде өтеді деп сенеміз. Жергілікті қоғамдастық өкілдерінің сұрақтары болатыныа сенімдіміз және Астанадан келген қонақтарымыздан тұшымды жауап алатынымызға сенімдіміз.
Жиында Конституция тек құқықтық құжат емес, мемлекет пен бұқара арасындағы жаңа сипаттағы қоғамдық келісімшарт екені айтылды. Онда адам құқығын қорғаумен қатар, билік институттарының халық алдындағы есептілігі мен жауапкершілігі күшейтілген.
БИБІГҮЛ АҚҚОЖИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Конституция - бұл бүгінгі таңда қоғамның барлық талаптарына жауап беретін іргелі еңбек. Соның ішіндегі ең маңыздысы біздің Конституциямызда Қазақстан Республикасының мыңжылдық тарихының атап көрсетілуі. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтар мен еліміздің мәдени мұрасын сақтау тұрғысынан алғанда, дәстүрлі отбасы құндылықтарын жақтаушы екенімізді айқындау өте маңызды қадам болды.
Қатысушылар Негізгі заңның нормалары елдің тұрақты дамуына жол ашатынын алға тартты. Ондағы әрбір өзгеріс ұлттық бірлікті бекемдеп, демократиялық құндылықтардың нығаюына септігін тигізбек.