Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыда көмір тапшылығы әлі жойылған жоқ

AstanaTV
01.02.2018ж. 20:00
3181
Алматыда көмір тапшылығы әлі жойылған жоқ

Алматыға келген көмір алыпсатарлардан ауыспай жатыр. Тұрғындар осылай деп шағымданды. Астаналықтар Шұбаркөл көмірін таппай сабылып жүрсе, Петропавлда осы Шұбаркөл отынын қымбаттатып сатқандар тексеріле бастады. Аймақтағы тілшілер студиямен байланыста.  Ришат, Энергетика министрі Алматы аймағына көмір бірер күнде жеткізіледі деген еді. Отын бар ма? Әлде жұрт әлі сабылып жүр ме?

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Біз қаладағы негізгі отын сақтайтын қоймаларды аралап көрдік. Түркісіб ауданындағы Майқұдық, Қаражыра және Шұбаркөл көмірлерін сататын базалардың аумағы әлі де қаңырап, бос жатыр. Көмір базаларының қақпасын торауылдаған қарапайым тұтынушылар көмір алыпсатарлардан артылмай жатыр дейді. 

Ғалым Көбесов, Алматы облысының тұрғыны:

Алдында міне 2-3 вагон келді деген. Оны перекупщиктер алады да, анау трассаға шығып, 30 мыңнан сатып отыр тоннасын. Мына жерде 15 мың ба, 14 мың ба, сондай ғана. Біз қарапайым тұтынушылар ала алмаймыз.

Мына базаға бүгін үш вагон көмір жеткізілген. Қойма қызметшілері отын тек ертеңнен бастап сатылымға шығатынын айтады. Көмір алып қалудан үміттенген тұрғындар бұл жерге бүгіннен бастап көліктерімен кезекке тұрып жатыр. Ал оның қасындағы мына ірі көмір сату орталығына көмір тек сенбі күні жеткізілмек. Мұндағылар шамамен 700 тонна көмір келеді деп үміттеніп отыр. 

Владимир Қаражанов, көмір базасының қызметкері:

Жағдай өзгерген жоқ. Әлі көмір келген жоқ. Бізге Қарағандыдан вагондар кеше жолға шықты деп айтты. Енді не сенбі, не жексенбі келіп қалуы мүмкін. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Шаһарда көмір сақтап, оны саудалаумен айналысатын 9 темір жол тұйығы жұмыс жасайды. Барлық базалардың қақпасында «көмір жоқ» деген мынадай жазулар ілінген. Қала билігінің дерегінше, шаһарда табиғи газбен қамтылмаған әлі 16 мың жеке тұрғын үй бар. Олар жылу маусымында шамамен 70 мың тонна көмір тұтынады. Диана, Астанада көмір тапшылығы бар ма?

Диана Сапарқызы, тілші:

Астанада Қаражыра мен Шұбаркөл көмірін ақшасына таба алмай жүргендер бар. Астаналық Қайрат Маханов Шұбаркөл көмірін іздеп жүргеніне 5 күн болғанын айтады. Ол қалада алыпсатарлар қатты отынның бағасын әдеттегіден қымбат етіп сатып жатыр дейді.

Қайрат Маханов, тұрғын:

Өте тапшы. Қашан алыпсатарларға тоқ салады. Мясокомбинатта 12500 -ден сатады заң бойынша. Оны алып ар жағындағы пятакка барып сатады. 18-19 мыңнан сатады. Қашан тоқтатылар екен осы алып сатарлықты. Қашан келсең, көмір жоқ. Жоқ.

Асылхан Курумжанов, көмір сатушы:

Шұбаркөл және Қаражыра көмірінің диллері болмағандықтан, олар жоқ. Ол көмірлер бізде жоқ. Басқа сорттағы көмірлер бар. Елдер соны күнделікті алып-алып кетіп жатады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Ал, әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, бүгінде Астана стансасына 15, 40-шы станцияға 8 вагон көмір жеткізілген. Алайда, олардың қай жақтан әкелінгені хабарланбаған. Әкімдік өкілдері бұл мәселені бақылауда ұстап отырғанын айтады. Қызылжарда кейбір кәсіпорындар көмірді қымбаттатқан көрінеді. Абзал, сөз кезегі өзіңізде.

Абзал Құрманкин, тілші:

Ия, Қызылжарда Шұбаркөл көмірін сатушылары күдікке ілікті. Себебі соңғы бір жылдың ішінде қатты отын бағасы 11 мыңнан 14 мың теңгеге дейін кезең-кезеңімен қымбаттаған. Бұл жайында аймақтағы табиғи монополияны реттеу агенттігі өкілдері жария етті. Облыс тұрғындарын Шұбаркөлмен қамтыған 4 кәсіпорынға ресми сауал жолдапты. 

Гүлнәр Жәмшина, СҚО табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы:

Департамент ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 170-бабына сәйкес тергеу амалдарын бастады. Кәсіпорындар тауар бағасын ұстап, бәсекелестік жөніндегі заңды бұзған. Біз 2016 жылдың қыркүйегінен бастап 2017 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықты тексереміз. Айта кетсек, бұндай жағдай теріскейде бұрын-соңды болмаған.

Абзал Құрманкин, тілші:

Тексеріс жұмыстары басталды, ол 3 айға дейін созылмақ. Егер көмірмен қамтушылардың айла жасағандары анықталса, онда іс сотқа жолданбақ. Артынша қара отын сатушылары теріс әрекеті анықталса, тапқан пайдасының 3 пайызын мемлекетке төлеуге мәжбүр болады. Жалпы, отынның бұл түрі Солтүстік Қазақстан облысында үлкен сұранысқа ие. Егер де аймақтың тұтыну қабілеті жылына 400 мың тонна болса, оның басым бөлігі қысқа Шұбаркөлдің көмірімен қамданады.