$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан - Ресей арасындағы алыс-беріс айналымы 27 миллиард долларға жетті

Қазақстан - Ресей арасындағы алыс-беріс айналымы 27 миллиард долларға жетті

Әлемдегі санкциялар мен саяси дауылға қарамастан, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық биыл рекордтық деңгейге жетті. 7 жарым мың шақырымдық ортақ шекара бүгінде тек тауар алмасу емес, жаһандық логистиканың күретамырына айналып отыр. Қиындықтарды мүмкіндікке айналдырған қос елдің сауда-саттық әлеуеті  нығая түсуде.

Ресей - Қазақстанның сенімді және ең ірі сауда серіктесі. Тауар айналымының төрттен бірі солтүстіктегі көршімен жасалатын алыс-беріске тиесілі. Бүгінде біз тек шикізат емес, дайын өнімдерімізді Ресейдің алып нарығына еркін экспорттап отырмыз. Азық-түлік қауіпсіздігі мен машина жасау саласындағы бірлескен жобалар екі ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Сауда министрлігі бұл қатынастардың болашағы бұдан да зор дейді.

ГАУХАР ӘБДІРОВА, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ ЖАҚЫН ШЕТЕЛ ЕЛДЕРІНЕ ЭКСПОРТТЫ ІЛГЕРІЛЕТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз Ресей нарығына тек шикізат емес, өңделген, дайын өнімдерімізді еркін шығарып жатырмыз. Әсіресе азық-түлік және машина жасау саласындағы бірлескен жобалар екі ел экономикасының тұрақтылығын нығайтуда. Сауда министрлігі бұл қатынастардың әлеуеті әлі де жоғары деп есептейді.

Саясатсыз сауда болмайды. Соңғы 20 жылда ресейлік инвесторлар елімізге 28 миллиард доллардан астам тікелей қаржы құйды. Ал қазақстандық бизнес Ресей нарығына 9 миллиард доллар инвестиция салды. Бүгінде елде 22 мыңнан астам ресейлік компания жұмыс істеп тұр. Демек, еліміздегі шетелдік капиталмен ашылған әрбір үшінші кәсіпорын көрші елдің үлесінде.

ТІЛЕКТЕС АДАМБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сауда қарым-қатынасын, инвестиция қарым-қатынасын, жалпы кәсіпкерлік қарым-қатынасын нығайту өте маңызды. Өйткені мына алысқа барғанша, осы жақындағы көршілерімізбен қарым-қатынасымыз нығайса ол біздің экономикасына өте пайдалы.

Экономистер де жағдайға оң баға беруде. Олардың пікірінше, ресейлік компаниялардың Қазақстан нарығына келуі бәсекелестікті арттырып, өндірістің заманауи үлгілерін әкелді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік кедергілердің азаюы тауар бағасының қолжетімді болуына септігін тигізуде.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Бұл бізге экспорттық потенциал береді. Яғни біздің көптеген астығымыз, жанар-жағар майымыз, басқа да өнімдеріміз үлкен Ресей сияқты алпауыт мемлекетке шығу мүмкіндігі бар. Екіншіден біз ЕАЭО мүше болғандықтан екі аралық кедендік рәсімдеулердің де қарапайымдылығы, яғни, Ресейден арзан тауарлардың біздің нарыққа кіруі немесе біздің де қандай да бір кеден баж салықтарынсыз сол нарыққа шығуымыз.

Қазіргі таңда "солтүстік - оңтүстік" дәлізі жаңа серпін алды. Ресей өз тауарларын Үндістан мен Парсы шығанағына Қазақстан арқылы өткізуге мүдделі. Бұл еліміз үшін қосымша миллиардтаған табыс деген сөз.