$541.34 €640.73 ₽6.53
×

ЖИ-мен ән шығарып сататындар көбейді

ЖИ-мен ән шығарып сататындар көбейді

Жасанды интеллект ақындардан озды. Өнер адамдарының айлап жазатын туындысын жасанды интеллект санаулы минутта дайындап береді. Уақыт та, ақша да үнемделеді, тек технологияны меңгерсеңіз болғаны. Алайда, цифрлық дыбыстың дәуірі кәсіби өнер иелерін жұмыссыз қалдырмай ма? Тілшіміз анықтап көрді.

Бұрын ән жазу үшін айлап студия жағалап, ақын мен сазгердің есігін тоздыратын. Қазір бәрі өзгерді. Жұрт арнайы студияға бармай-ақ, қолындағы құрылғы мен дайын туынды шығара алады. Тіпті, бұл жаңа табыс көзіне айналған.

Мәселен, ЖИ-мен жасалған қарапайым құттықтау әндері 2-5 мың теңгеден басталса, күрделігіне қарай бағасы өсе береді. «Deezer» платформасының дерегінше, әлемде жүктелетін әндердің үштен бірі - роботтардың туындысы.

Қазақстанда да бұл салаға қызығушылық артып отыр.Соның бірі – Айсана Берік. Жас маман жасанды интеллект арқылы ән жазып, тапсырыс қабылдайды. Айтуынша, сұраныс жоғары.

АЙСАНА БЕРІК, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МАМАНЫ:

Жалпы процесс өте қарапайым. Искуственный интеллектке мәтінді береміз. Және стильін таңдаймыз. Сол стильді таңдағаннан кейін где-то 1-2 минуттың ішінде өлең дайын болады. Сұраныс жақсы. Өте жақсы.

Бұл «жеңіл» дүние кәсіби мамандардың шамына тиіп отыр. Себебі кәсіби дыбыс студиясын жабдықтау оңай шаруа емес. Сапалы аппараттың құны 15 миллион теңгеден басталады. Кей дыбыс режиссерлері арман болған техника үшін пәтері мен көлігін сатуға дейін барады. Сондықтан, «бір түймені басу арқылы ән шығаратындар» нағыз өнердің қадірін кетіреді деп қауіптенеді мамандар.

САНЖАР ҰЛАТАЙ, ДЫБЫС ӨҢДЕУШІ:

Бала кезден қаншама адамдар музыкалык мектептен бастап,  колледжде, ВУЗда қаншама еңбек алады. Осындай жерде отырып, қарапайым құлақтарымен жұмыс жасау үшін. Ол кісілер ойлайды да енді бизнеске айналдырып жіберді ғой көп нәрсені.

Өнер ортасында бұл құбылысты «уақытша қызығушылық» деп бағалайтындар да бар. Мың жерден ақылды болғанымен, машинада адамның сезімі мен жаны жоқ дейді сазгерлер. Қазақ эстрадасының майталмандары роботтардың қабілетіне әлі де күмәнмен қарайды.

БАУЫРЖАН ЕСЕБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, КОМПОЗИТОР:

Ол тек ғана шығармашылық саласында, ән жазуда емес, ол сценарий саласында, басқа да салаларда, жалпы көмекші құрал ретінде пайдалануға болатын шығар. Ал енді адамның білгенінен, көп деңгейде алысқа ұзап кетті деп ойламаймын.

Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект шығармашылықты толық алмастыра алмайды. Қазірдің өзінде ЖИ арқылы жасалған әндер көп болғанымен, олардың үлесі жалпы тыңдалымда әлі де төмен. Сондықтан бұл технология - бәсекелес емес, көмекші құрал ретінде қарастырылады.