Ақтөбеде қазақ музыкасының көрнекті тұлғасы - Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған гала-концерт өтті. Бұл кеш - бір аптаға созылған дәстүрлі «Жұбанов көктемі» фестивалінің қорытындысы. Сахнаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 400-ден астам өнерпаз шығып, ұлы композитордың жауһар туындыларын орындады.
«Жұбанов көктемі» фестивалінің гала-концертін тамашалауға жиналған көрермен қарасы қалың. Арнайы келген қонақтардың қатарында танымал әртістер, композиторлар және Ахмет Жұбановтың туыстары бар.
ЭЛЬМИРА ЖҰБАНОВА, А.ЖҰБАНОВТЫҢ КЕЛІНІ:
Ахаң деген кезінде дарынды балаларды ауылдан жинап-жинап алып баоып, Алматының төрінен мектеп ашқан ғой. Ол мектепке де келесі жылы 55 жыл болады. Сол мектептің балалары өнер көрсетті.
Фестивальге ұлы композитордың шәкірттері мен ізбасарлары да арнайы келді. Олар Ахмет Жұбановтың шығармашылық жолы мен ұлттық музыка мәдениетін қалыптастырудағы өлшеусіз еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті.
АБДУЛХАМИТ РАЙЫМБЕРГЕНОВ, КҮЙШІ, КОМПОЗИТОР:
Қаншама қиындық көрді. Кезінде тіпті мынау Кенесарыны, кімдерді жазамыз деп консерваториядан қуылды. Партиядан да алынып, жұмыссыз қалған кезі де болды.Соның бәріне шыдап мысалға,артында өлмес мұра қалдырған.+Мен айтар едім осы өнердегінің, білімдегінің, композиторлықтағының барлығының да біздің әулиеміз, піріміз осы Ахмет Жұбанов деп айтуға болады.
Апталық шара аясында еліміздің әр өңірінен келген үздік хор ұжымдары мен оркестрлер бір сахнада бас қосты. Музыканттар қазақ классикасы мен заманауи академиялық шығармаларды орындап, кәсіби шеберліктерін паш етті. Облыс әкімі өнерпаздарға құрсет көрсетіп, оларға алғыс хат марапаттар табыстады.