Ертең «Астана» арнасы көрермен назарына жаңа сериал ұсынады.
Жаңа туындыға «Шымкент шоу» театрының актерлары орындап жүрген «Ағайындылар» интермедиясы арқау болған.
Жақсыбай - жасы 70 ке тақаған, әулеттің әкесі. Кемпірі қайтыс болғалы қара шаңырақта үйленбеген кіші баласы екеуі тұрады. Әзілқой, қыңыр мінезді.
Ілесбай (Берік Тұрсынбеков) - Жақсыбайдың үлкен ұлы. Жеке ауруханада дәрігер. Ақылды, байсалды, інілеріне жол көрсетіп жүретін, көмектесетін кейіпкер. Жұбайы Райхан өзі секілді биязы, ақылы мол келіншек.
Оразбай (Дәурен Жұмаділов) - Жақсыбайдың екінші ұлы. Орысша білім алып, орыс әйел алып, шала қазақша сөйлейді. Әйелінен қатты қорқады.
Құласбай (Михон) - Жақсыбайдың үшінші ұлы. Мешітте имам болып қызмет атқарады.
Мықтыбай (Наконай) - Жақсыбайдың төртінші ұлы. Құқық қорғау органында тергеуші қызметін атқарады. Бауырлардың ішінде ең пысығы, пайдакүнемі.
Түктібай (Ерлан) - Жақсыбайдың бесінші ұлы. Тұтығып сөйлейтін, бауырлар арасындағы ең жуасы.
Құттыбай (Саят) - Үйдің ең кенже баласы. Студент.
Туынды 16 бөлімнен тұрады. Ұзақтығы - 40 минут.
Жоба авторлары алты ағайын арқылы қоғамдағы ер азаматтардың тіршілігін қазақы әзілмен, шытырман оқиғалар арқылы көрсетуге тырысады. Отбасы құндылығы, ағайын арасындағы сыйластық пен ауызбіршілік, үлкен мен кіші арасындағы қарым- қатынас кеңінен суреттеледі.
Жаңа туынды 2 мамыр 14:30-да «Астана» телеарнасынан көрсетіледі.