Қазақстанда жоғары білім алу құны айтарлықтай қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы бір жылда университеттердегі оқу бағасы орта есеппен 11% өскен.
Finprom.kz сараптамасы бойынша, соңғы үш жылдағы (2024–2026 жж.) қымбатшылықтың басты себебі — инфляциялық процестер. Білім беру қызметтерінің құны жалпы ақылы қызметтердің инфляция деңгейімен қатар немесе одан сәл төмен деңгейде қалып отыр.
Атырау облысында баға 36,3% өскен, ал Түркістанда 19,6% өсті. Маңғыстау облысы 15,4% өссе, Шымкент пен Астана қалаларында оқу құны 15% жуық өсті. Алматыда баға өсімі 9,4% құраса, Алматы облысында оқу ақысы өзгеріссіз қалған. Ең төменгі өсім Қостанай (1,8%) және Ақтөбе (5%) облыстарында тіркелді.
Университеттердің ресми мәліметтеріне жасалған талдау оқу ақысының мамандық пен ЖОО мәртебесіне тікелей байланысты екенін көрсетеді. 2025-2026 оқу жылының басындағы жағдай бойынша Алматы университеттерінде жылдық оқу ақысы 500 мыңнан 7,6 миллион теңгеге дейін жеткен. Ал өңірлік жоғары оқу орындарында оқу құны 450 мың теңгеден басталып, 2,4 миллион теңгеге дейін барады.
Бағаның мұндай өсімі университеттің беделіне, таңдалған мамандықтың сұранысына және оқу орнының материалдық базасына байланысты.
Білім алу құнының өсуіне қарамастан, ЖОО-ға түсушілердің саны азайған жоқ. Керісінше, 2025 жылдың күз айында ақылы бөлімге түскендер саны 131 мың студентті құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,6% жоғары.