$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Абай облысында бір түнде 150-ден астам есептегі тұлға тексерілді

Абай облысында бір түнде 150-ден астам есептегі тұлға тексерілді
Polisia.kz

Абай облысында бір түнде 150-ден астам есептегі тұлға тексерілді.

Абай облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы кешенді профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда Абай облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері бірлесіп, Семей қаласы мен Жаңа Семей ауданы аумағында есепте тұрған тұлғаларды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында бір тәулік ішінде барлығы 152 есептегі азамат қамтылып, олардың тұрғылықты жерінде болуы және белгіленген талаптарды сақтау деңгейі мұқият зерделенді. Әрбір тұлғамен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қолданыстағы заңнама талаптарын мүлтіксіз орындау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған нақты ұсынымдар беріліп, олардың жауапкершілік деңгейін күшейтуге ерекше мән берілді. Профилактикалық жұмыс аясында қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ержан Ақбаев тексеру шараларына тікелей қатысып, есептегі тұлғалармен жүздесті. Ол өз сөзінде мұндай жұмыстардың маңыздылығын атап өтті:

— Біздің басты мақсатымыз — тек бақылау жүргізу емес, ең алдымен азаматтарға дұрыс бағыт-бағдар беру. Әрбір тұрғын заң талаптарын сақтаудың маңызын түсініп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. Профилактика — құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы. Сондықтан біз әрбір азаматпен жеке жұмыс жүргізуге баса мән береміз, — деді Ержан Ақбаев.

Жүргізілген іс-шаралар мереке күндері жедел жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бұл жұмыстар құқық қорғау органдарының алдын алу қағидаттарына негізделген жүйелі қызметінің маңызды бөлігі болып табылады.