$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Төрт күннен кейін LRT іске қосылады

AstanaTV
12.05.2026ж. 19:00
Төрт күннен кейін LRT іске қосылады

Астана ЛРТ жолаушы тасымалдауға дайын. Төрт күннен кейін іске қосылады.Көптен күткен қуанышты жаңалықты City Transportation Systems компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев хабарлады. Тілшіміз Айғаным Тұрысбек жеңіл рельсті көлікке алғашқылардың бірі болып мінді.

Астананың көлік архитектурасын жаңа деңгейге көтерген ЛРТ-ны көруге жұртшылық асық. Ұзындығы  22,4 шақырым, бойында 18 станса бар. Алғашқы аялдама - «Әуежай».

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Әуежайдан қала орталығына дейін енді санаулы секунда жетуге болады. Дәл қазір мен ЛРТ пойызының ішіндемін. Алғашқы жолаушы ретінде айтарым - жүріс өте жұмсақ ал біздің қауіпсіздігіміз цифрлық бақылауда.

Көлікте жолаушыларды тек заманауи технология емес, үш тілде еркін сөйлейтін қызметкерлер қарсы алып, бағыт-бағдар сілтейді.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

ЛРТ жүйесінде жол ақысын төлеудің 6 жолы бар. Барлық заманауи мүмкіндіктер қамтылған. Дәл осы банкоматтан бір реттік билет сатып алуға болады. Билеттің бағасы - 200 тг.

Елордалық оқушылар мен жеңілдігі бар азаматтар үшін қатынау -  тегін. Бірақ, арнайы карта болуы міндетті. Турникеттер заманауи датчиктермен жабдықталған.

РИНАТ МҰСРАЗОВ, АУЫСЫМ БАСШЫСЫ:

Карточкасы болу керек немесе әр адамның өз QR коды мысалы каспимен төлеуге болады. Бір сәтте екі адам терминалдан өтуі мүмкін емес. Тек  бір карточкамен бір адам ғана өте алады.

Пойыздың ішінде машинист жоқ, жүйе толықтай автоматтандырылған. Бұл -бақылаусыз деген сөз емес. Арнайы диспетчерлік орталық секунд сайын вагондағы температурадан бастап, техникалық жағдайды қашықтан қадағалап отырады.

ҮСЕЙІН БАҒДАТ, ДИСПЕТЧЕР:

Камераға біздің бүкіл сөйлескендеріміз, телефонға сөйлескендеріміз бәрі жазылған. Қазір бізде орнатылған ФАМ режимі бізде ЛРТ составы ең заманауи, соңғы жүйедегі бағдарламалар.

Пилотсыз жүйе болса да, жолаушылардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін әр вагонда бір оператор жұмыс істейді.

АЛАН НҰРМАНОВ, ОПЕРАТОР:

Біз пойыздың басында боламыз, жолға қарап тұрамыз. Кедергілердің болмауын, кедергі шықса қарап тұрамыз.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Әуежай аялдамасынан Астана арена станциясына дейін 10 минутта жүйіткей жетіп келдік. Жалпы 22 км-ге созылған рельс жолында 19 вагон халық үшін жұмыс істейді. Оларды күту ұзақтығы 5-6 минутқа созылады.

АСЫЛБЕК ДҮЙСЕБАЕВ, «CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Оның 15-сі күнде қатынайды,4-еуі резервте болады. Ең жоғары жылдамдығы – сағатына 80 шақырым, орташа – 50-60. Әр құрам 600-ден астам жолаушыны тасымалдайды.Толық маршрутты 40 минутта жүріп өтуге болады.

Инновациялық қарқын мен ұлттық нақыш тоғысқан заманауи көлік жүйесі осы аптаның демалыс күндерінен бастап толыққанды қолданысқа беріледі.  Елорданың ертеңіне бастар «аспан асты жолы» осылайша өз сапарын бастады.