Бүгін - халықаралық отбасы күні. Айтулы датаның Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан бекітілгеніне биыл тура 33 жыл толды. Ғасырлар бойы отбасын қасиетті санаған халқымыз үшін мерекенің орны ерекше. Бүгінде Қазақстан халқының саны 20,5 миллионнан асса, соның ішінде 6,2 миллионнан астам отбасы тіркелген. Тек биыл 3 айда 74 мыңнан астам сәби дүние есігін ашты. Мемлекет ана мен баланы қолдауды басты парыз санап, жыл басынан бері көпбалалы және батыр аналарға 114 миллиард теңгеден астам жәрдемақы бөлген. Осылайша, 876 мыңнан астам отбасына нақты әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ, салт-дәстүрді сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғаған «Мерейлі отбасы» сайысы мен «Аналар», «Әкелер күні» де қоғамда үлкен қолдау тауып, отбасы бәрін біріктіретін басты құндылық екенін айқын аңғартып келеді.