Ұлытау облысында полицейлер хабар-ошарсыз кеткен азаматты дронның көмегімен тауып, аман-есен отбасына қайтарды.
Жаңаарқа ауданы Айнабұлақ ауылының тұрғыны жылқы іздеуге шығып, бағытынан жаңылып кеткен. Оның туыстары аудандық полиция бөліміне хабарласып, көмек сұраған. Хабарлама түсе салысымен Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын бастады. Іздеу аумағының кеңдігін ескере отырып, тәртіп сақшылары арнайы ұшқышсыз ұшу аппаратын — дронды пайдаланды. Заманауи техниканың көмегімен ашық дала жоғарыдан мұқият тексеріліп, кеше таңғы сағат 10:00 шамасында жоғалған азамат Нұра ауданымен шектесетін аумақтан аман-есен табылды. Іздестіру жұмыстарына жергілікті төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері де жұмылдырылды. Анықталғандай, азамат кешкі уақытта бағытынан адасып кеткен. Сонымен қатар ұялы байланыс желісінің болмауы және көлігінің жанар-жағармайы таусылуы салдарынан түнді далада өткізуіне тура келген.