$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматы облысында ер адамды күрекпен ұрып өлтірді

AstanaTV
20.05.2026ж. 19:00
Алматы облысында ер адамды күрекпен ұрып өлтірді

Күрекпен ұрып өлтірді. Алматы облысында қаза тапқан ер адамның туыстары қылмыстық істің қайта қаралуын талап етуде. Сұмдық оқиға 23 ақпанда болған. Марқұмның қызының мәлімдеуінше, әкесі ауыр халде жатқанда күдікті тарап жедел жәрдем шақырудың орнына, “келісіп алуды” ұсынған. Кейін зардап шегуші Ұзынағаш ауруханасына жеткізілген. Алайда науқасқа қажетті көмек көрсетілмей, Алматыға барар жолда жағдайы күрт нашарлап, Қалқамандағы ауруханада қайтыс болған. Бүгінде іс “абайсызда өлімге әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру” бабы бойынша тергеліп жатыр. Мұнымен марқұмның жақындары келіспейді. 

МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ:

Қандай абайсыздық? Адамды күректің ұшымен әдейі мойын тұсына ұру жай ғана жарақаттауға ниеттену емес. Бұл – тікелей өлтіруге бағытталған әрекет! Бел тұсынан жасалған соққы аяқтың сал болып қалуына әкелуі мүмкін, ал күрекпен мойынға соққы жасау – өлтіру үшін саналы түрде жасалған әрекет!

Алматы облыстық соты қылмыстық істің өндірісіне қабылданғанын растады. Негізгі сот отырысы 21 мамырға белгіленген. Алматы облыстық полиция департаменті мәліметінше, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.

ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, ізін суытпай ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің толық кешені жүргізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары қадағалаушы органмен келісіліп, мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды.