$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп Иранға соққыны кейінге қалдырды

Трамп Иранға соққыны кейінге қалдырды

Трамп Иранға жойқын соққыны кейінге қалдырды. Айтуынша, араб елдері жалынып, сәл уақыт беруді сұрапты. АҚШ Президентіне де уақыт керек сияқты. Ол Ақ үйдегі ғасыр құрылысымен әлек. Құны 400 млн доллар болатын ғимаратты көпшілікке таныстырып жүр. Одан бөлек, Президент әкімшілігі сотталғандарға арналған арнайы қор құрмақ. 1,4 млрд доллар қаражат істі болғандарға үлестіріліп беріледі. Қытай басшысы Трамптан кейін енді Владимир Путинді қабылдады. Ресей Президенті үшін де Си Цзиньпинь салтанатты қабылдау рәсімін ұйымдастырды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты. 

Трамп 19 мамыр Иранға жойқын соққы жасаймын деп хабарландыру жасаған еді. Алайда, Пәкістан мен Сауд Арабиясы бастаған бір топ мемлекет кейінге қалдыруды сұрапты. Себебі, араб елдері Иранмен келіссөз жүргізіп жатыр.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Иранға бас көтерместей соққы жасауым тиіс. Бірақ, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Бахрейн және басқа елдер бірауыздан өтініш жасады. Олар, өздері Иранды ядролық қарудан бас тартуға көндіреміз, - дейді. Сондықтан, бейбіт келісім тағы жақындады деуге де болады. Алайда, мен Иранға сенбеймін. Десе де, бір мүмкіндік беруге шешім қабылдадым. Көрейік, қолдарынан келер ма екен.

Айдаладағы Ираннан, Ақ үйдегі құрылыс артық. Трамп өзінің жақтастары мен таңдаулы тілшілерді «Ғасыр құрылысының» барысымен таныстырды. Жоғарғы Сот пен Конгресстің қарсылығына қарамастан, АҚШ Президенті шегінетін емес құрылыс қарқынын одан сайын арттырды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен өте көп зәулім, сән-салтанаты келіскен ғимараттар салдым. Бірақ, бұдан өткен құрылыс жоқ шығар. Нысанның қаншалықты маңызды екенін түсінсе екен деймін. Бағаналар Ақ үйдің төбесіне дейін көтеріледі. Терезелерінен де, қабырғаларынан да оқ өтпейді. Бәрі маған кедергі келтіргісі келеді. Сол үшін мен бұл нысанға өзімнің қаражатымды жұмсауға шешім қабылдадым. Балл залы келесі Президенттер мен олардың әкімшілігіне менің атымнан сыйлық болады.

Трамп өзінің істі болған жақтастары үшін Әділет министрлігінен ақша бөлгізді. 1,4 млрд доллар қару қолданып, сотталған республикалық партия мүшелері үшін беріледі. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бұл шешімді қорғап әлек. Себебі, бұл туралы жария болған сәттен бастап, әкімшілік үлкен сын астында қалды.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Бізді жемқор деп айыптайтындарды түсінбеймін. Біз жай ғана әділдік орнатқымыз келеді. Оның үстіне, бұл қорға мемлекеттің бірде-бір центы жұмсалмайды. Әлбетте, біз тек жазықсыз сотталғандарды қолдамақпыз. Ал, қару қорлданып, полицейлерге және әскерилерге оқ жаудырғандар бұл бағдарламаға кірмейді. Өйткені, олар қылмыскерлер.

Қытайға Трамптың артынша Владимир Путин де барды. Си Цзиньпинь өзінің ресейлік әріптесін де кем күткен жоқ. Әуежайдан-ақ, бір сапқа түзілген жастар ұрандата бастады. АҚШ Президентінің құрметіне өткізілген кішігірім әскери парад бұл жолы да болды. Путин болса, Қытайды өзінің басты одақтасы санайтынын жеткізді.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің Сыртқы Саясаттағы бірлескен әрекеттеріміз мақтанарлықтай дүние. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі, БРИКС пен Үлкен жиырмалық. Осы жердің барлығында сөзіміз бір ауыздан шыққандай. Бұл – бір-бірімізге деген құрмет пен сенімнің нәтижесі деп білемін. Әлемдегі қауіпсіздік пен жаһандық тәртіпті бірге қалыптастырудағы жұмысымызды одан әрі жалғастыруымыз қажет.

Трамптың жақтасын өлтірген қаскөйдің ісі бүкіл Америка назарын өзіне аударды. Тайлер Робинсон жалғыз күдікті. Ол студенттермен кездесуінде республикалық партияның белді мүшесі – Чарли Киркті снайперлік қарумен атып өлтірген еді.