Елімізде кәмелет жасқа толмаған, яғни, мектепте оқитын 1,7 млн бала жұмыс істейді. Бірақ, 70 пайызында еңбек шарты жоқ. 200 мыңға жуық бала жалақысын ала алмай жүр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Үкімет отырысында осындай дерек келтірді. Ал, 3000 оқушы Полиция есебінде тұр. Бірақ, жергілікті әкімдіктер жартысына жуығын тиісті жұмыспен қамтымаған. Толығырақ Еркелді Тілеуқұл баяндайды.
Ата-анасына көмектесемін, оларға салмақ салмай керек-жарағымды өзім сатып алайын деп жүрген жүзмыңдаған балалардың құқығы қорғалмаған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Асқарбек Ертаевтың айтуынша, балалар негізінен курьер, даяшы болып жұмыс істейді.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ. ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Өткен жазғы кезеңде анықталғаны: жастардың 70 пайызы ресми еңбек шартынсыз жұмыс істейді. Жасөспірімдердің 51 пайызы кешке немесе түнгі уақыттарда жұмыс істейді. 10 пайызы жалақысының кешіктіріліп төленуі немесе мүлдем төленбеуі жағдайларына жолығады.
Ал, 345 білім ордасы терроризм қаупіне дайын емес. Ішкі Істер министрлігі ауқымды тексеріс жүргінгенде осындай фактілер анықталды. Нәтижесінде, 112 басшы жауапқа тартылған. Мектептегі құқықтық проблемалар мұнымен шектеліп қалмайды. Ішкі Істер министрі бірқатар өңірлерде есепте тұрған балалармен тиісті жұмыс жасалмағанын айтты.
ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Тәртібі жағынан «қиын» жасөспірімдерді анықтап, бақылауда ұстаймыз. Қазір 3 мыңнан астам бала полицияның есебінде. Олармен тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр – әлеуметтік пайдалы жұмысқа және спортқа тартылып жатыр. Дегенмен, жергілікті органдар тарапынан мұндай балалардың тек 60%-ы ғана қамтылған.
Қоғамда өткір талқыланып жатқан мәселенің біріне Жұлдыз Сүлейменова жауап берді. Оқу-ағарту министрі өз шәкіртіне қосымша репетитор болып, ақша табуға шектеу қойылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА. ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Осы балаға сабақ бергені үшін өзі айлық алып отыр ғой. Менің ойымша, бұл этикалық та мәселе. Шектеу мәселесін біз бәрібір талқылаймыз. Мемлекет осы балаға өзі қаражат бөліп жатыр. Сол балаға сапалы білім беру бүгінгі мұғалімнің, шынын айту керек, қаржысы төленген миссиясы. Осы мәселені мұғалімдер шектеуге жетикізбей-ақ түсінеді деп ойлаймын.
Үкімет басшысы оқушыларды қорғауға байланысты жаңа шараларды қолға алуды тапсырды. Әсіресе, қылмысқа тарту және кибербуллинг мәселесіне ерекше көңіл бөліну керек.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Қоғам мен әлеуметтік желілердегі кез-келген дабылдарға дер кезінде жауап беру керек. Балалардың цифрлық қауіпсіздігі ерекше назар аударуды талап етеді. Оқу-ағарту, Ішкі істер және Ақпарат министрліктері балаларды интернет-алаяқтықтан, буллингтен, құқыққа қайшы контенттен және өзге де деструктивті әсерден қорғау бойынша профилактикалық жұмысты күшейтуі қажет.
Одан бөлек, жазғы демалыс орындарын жабдықтау мен ондағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету керек. Оны бақылайтын республикалық штаб құрылды.