Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағындағы артық ақшаны мерзімінен бұрын пайдалану үшін жаңа ережемен есептелетін болады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Яғни Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қорынан үй алуға немесе емделуге ақша шешіп алу үшін шотта міндетті түрде қалуы тиіс ең төменгі сома - «жеткіліктілік шегі» жаңаша есептеледі. Жаңа әдістеме бойынша зейнетақы жинағының жылдық табыстылығы 9% болады деп алынады, ал зейнетақы төлемдері жыл сайын 8%-ға өседі деп есептеледі. Осы арқылы мемлекет адамның зейнетке шыққаннан кейінгі өміріне қанша қаражат қажет болатынын қайта есептемек. Сонымен қатар жаңа шек былтырғы деңгейден төмен болмайды. Ал есептеу кезінде инфляциядан 5 пайызға жоғары индекстеу қарастырылған. Қаулы 5 маусымнан бастап күшіне енеді. Осыдан кейін Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қоры 3 жұмыс күні ішінде 2026 жылға арналған жаңа жеткіліктілік шектерін жариялайды. Сол кезде әр жастағы азаматтың шотында кемінде қанша ақша қалуы керегі нақты белгілі болады.