$488.11 €530.09 ₽5.01
×

Ішкі істер министрі Жамбыл облысындағы қылмысқа қатысты түсініктеме берді

AstanaTV
18.02.2016ж. 20:00
1601
Ішкі істер министрі Жамбыл облысындағы қылмысқа қатысты түсініктеме берді

Жамбыл облысының Бурыл ауылында болған жағдай тұрақталды. Ешқандай ерекше режим енгізілген жоқ. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Байзақ ауданында болған бала өліміне қатысты осындай түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, Бурыл ауылына жіберілген Ұлттық ұланның күшейтілген қызметі бір-екі күнде алынады. Жергілікті тұрғындармен жергілікті билік және диаспора өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізген. 

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Бұл тұрмыстық қылмыс болды. Қылмыскер кінәсін мойындады. Менің ойымша, күрделі тергеу жұмыстарын қажет етпейді. Сараптамаларды өткізіп, істі тездетіп сотқа жібереміз. Оқиғада ешқандай да ұлтаралық жанжалдың сипаты жоқ. Ондай мәселе қылмыстық істе көрсетілмеді. Ауылға Ұлттық гвардия тартылып, күшейтілген режимде болды. Күдікті күзетте. Бүгін оны қамауға алу мәселесі шешіледі.

Естеріңізге сала кетсек, ақпанның 15-де Жамбыл облысының 17 жастағы тұрғыны көршісінің үйіне ұрлыққа түсіп, куәгер болған баланы 11 жерден пышақтап өлтірген. Ал ұрының қолды еткені 30 мың теңге. Аталған оқиға бойынша, Қылмыстық кодекстің 99 бабы, яғни «кәмелетке толмаған баланы өлтіру» әрекеті бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл жантүршілгерлік оқиғаны естіген ауыл тұрғындары алаңға шығып, қаскөйдің отбасын ауылдан көшіруді талап еткен болатын. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ