$510.08 €539.61 ₽5.15
×

СІМ: Түркиядағы терактіден қаза тауып, зардап шеккен қазақстандықтар туралы мәлімет жоқ

AstanaTV
18.02.2016ж. 20:00
2487
СІМ: Түркиядағы терактіден қаза тауып, зардап шеккен қазақстандықтар туралы мәлімет жоқ

Терактіден қаза тапқандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғы белгісіз. Сыртқы істер министрлігі әзірге мұндай мәлімет жоқ екенін хабарлады. Түркия билігі теракт құрбаны болған 28 адам мен жарақат алған 60 адамның аты-жөнін жарияламады. Ал Анкара тұрғындары теракт тағы да қайталануы мүмкін деп қорқып отыр. Түркиядағы тілшіміз Самат Сүлей студиямен байланысқа шықты. Самат, жарылысты қандай да бір ұйым мойнына алды ма? 

Рахмет, Оксана. Теракт болған сәтте жергілікті ақпарат құралдары өзін өзі жарып жіберген 24 жастағы Сирия азаматы деп хабарлады. Ол бірнеше ай бұрын босқын ретінде Түркияға енген деседі. Әзірге ешқандай ұйым жарылысты ресми түрде өз мойнына алмады. Бірақ бүгін Түркия премьері Ахмет Дауітұғлы: «Бұл - Күрдістан жұмысшылар партиясы мен күрд сарбаздарының ісі»,- деп сенімді түрде мәлімдеді. Сондай-ақ, үкімет басшысы осы жарылысқа қатысы бар деген күдікпен 9 адам ұсталғанын хабарлады.

Ахмет Дәуітоғлұ, Түркия премьер-министрі:

Құзырлы органның мамандары Анкарадағы жарылысты ұйымдастырған жанкештінің анықтады. Ол - Сирияның солтүсік аймағында туылған 24 жастағы Салих Неджар есімді азамат. Елімізге босқын ретінде өткен. Сондай-ақ ол Түркия террорлық ұйым ретінде таныған Сириядағы күрд жасақтарының мүшесі екені белгілі болды. Біз бұл ұйыммен және басқа да террорлық ұйымдармен күресті тоқтатпаймыз.

Қызыл-ай ауданындағы қанды оқиға болған жерде құқыққорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Ол жер қоршалған. Айта кетейік, бұл жерде Қорғаныс министрілігінің штаб пәтері мен Анкара қаласының Ішкі істер департаменті жақын орналасқан болатын. Куәгерлердің айтуынша, жойқын жарылыстың дауысы сол маңайдағы Түркияның Ұлттық Мәжіліс үйіне дейін жеткен. Ал апат кезінде бірнеше автокөлік өртенген. Соңғы түскен ақпараттарға сүйенсек, қызметтік көлікте болған әскерилер мен бірнеше бейбіт тұрғын көз жұмған. Жараланғандар Анкараның 14 емханасына жеткізілген. Қайталанған терактіден соң тұрғындар жарылыстан әбден қорқып қалған. Оқиға куәгерлері де естерін жия алмай жүр. 

Куәгер:

Жарылыс, мен ол жерден кеткеннен кейін, 20 минуттан соң болды. Менен 300 метр жерде болды. Жарылыс күші мықты болды, кейін өрт тұтанды. Дүрбелең басталып кетті. Мен әлі күнге дейін өз-өзіме келе алмай тұрмын.

Мехмет Яшар, қала тұрғыны:

Соңғы уақытта елімізде қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Шығыстағы атыс-шабыстан бөлек, ай сайын Стамбұл мен Анкарада жарылыс ұйымдастырылады. Қаншама жазықсыз жан көз жұмды. Бізге тыныштық пен тұрақтылық керек. Сондықтан мемлекет қауіпсіздікті күшейтсе деген өтініш, тілегіміз бар.

Оксана, мендегі бар ақпарат әзірге осы.

Рахмет, бізбен Түркиядан тікелей байланысқа шыққан тілшіміз Самат Сүлей.